Елімізде ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. Бұл – Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру, ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыруды діттейтін бағдарлама. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бірқатар жаңа міндеттерді белгілеген болатын. Осы өзекті тақырып жөнінде ауыл шаруашылығы саласын зерттеп жүрген ғалым, экономист Оңалбек Абралиевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Өзіңіз зерттеп-зерделеп жүрген ауыл шаруашылығы саласында биыл қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыттары айқындалған болатын. Осы кезеңде мемлекекеттік деңгейдегі инновациялық жобалар және ауылшаруашылық құрылымдарын қаржылық қолдау механизмдері енгізілді. АӨК саласында 2024 жылы 30 млрд теңгеден астам қаржыға 50-ден астам инвестициялық жоба іске асырылды. Инвестициялық жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығын дамытуға, өндірісті ұлғайтуға, ауылшаруашылық кооперативтерін құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жалпы 17 облыстағы 259103 ауылшаруашылық құрылымдарының бәсекеге қабілеттілігн арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, еліміздің 164 аудандарындағы «Мансап» орталығы және 6256 жергілікті әкімдер тарапынан ауылшаруашылық құрылымдарына қажетті мамандарды жұмысқа орналастыру жүйелі жүргізілуде.
– Нақты қандай жобаларды атап айтар едіңіз?
– Мысалы, Түркістан облысында қуаттылығы жылына 20 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы, қуаттылығы жылына 25 мың тонна болатын сою пункті, 150 тонналық қойма, 550 тонналық екі жылыжай кешені, сондай-ақ қуаттылығы 9600 тонна болатын сүт пен көкөніс өңдеу; Абай облысында 8 жаңа кәсіпорын құрылды, оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің гендік қорын жақсарту жобасы, жылдың қуаты 14 400 тонна болатын тазартылмаған күнбағыс майы мен күнжара өндірісі бар. Сондай-ақ, 6 шаруашылық машина-трактор паркін кеңейтті; Ақмола облысының кәсіпкерлері сүт-тауар фермаларын кеңейту, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларында мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланды: құс етінен жасалған құрама жем, ұн, мұздатылған жартылай фабрикаттар өндірісі құрылды. Кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 4100 тоннаны құрайды; Жамбыл облысында қуаттылығы 30 млн жұмыртқа болатын инкубатор пайдалануға берілді, үш шаруашылық инфрақұрылымы бар жаңбырлату техникасын орнатты; Ақтөбе облысында 100 бас мал басына арналған репродуктор іске қосылды, ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылына 4 тонна көкөніс шығаратын жылыжай салынды. Павлодар облысында 14 мың тоннаға 2 көкөніс қоймасы ашылды, Шығыс Қазақстан облысында 6000 тоннаға астық қоймасы салынды, сондай-ақ түйіршіктелген құрама жем өндірісі жолға қойылды.
– Егін, өсімдік шаруашылығының әлеуеті туралы не ойлайсыз?
– Еліміздің ауылшаруашылық саласының әлеуеті өте жоғары: егістік жерлердің ауданы -24 млн га, оның 23,8 млн га ауылшаруашылық дақылдары өсірілуде, тыңайту мерзімдерін және тұқым сапасын сақтау нәтижесінде гектарына 13-14 центнер өнім алу күтілуде. Ауыл шаруашылық министрлігі 2024 жылдан бастап 17 облыстың әкімдіктеріне егістікті әртараптандырудың индикативтерін берді. Бұл дегеніміз әрбір облыс жоғары рентабельді дақылдар өсіруге және оны өңдеп экспорттауға бағыттауда. Ауыл шаруашылық саласын тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инновациялық технология негізінде еңбек өнімділігін арттыру болып отыр.
– Сұраныстағы қандай дақылдардың ауданын ұлғайтты?
– Майлы дақылдар алаңын 385 мың га-ға, бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн га-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді, оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың га-ға өсірді, олар 1,2 млн га-ға құрады. Бұдан басқа қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың га-ға ұлғайып, тиісінше, биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың га жетті. Сонымен қатар 164 ауданда тұрақты азықтық базаны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл үшін биыл азықтық дақылдар алаңын 68,3 мың га-ға ұлғайды, олардың ауданы 3,2 млн га-ға дейін кеңейді.
– Диқандарды қаржылық қолдаудың қандай тетіктері бар?
– Жүргізілген зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы елімізде 259103 шаруа/фермерлік қожалықтар жұмыс жасап жатыр, оның 64,8% – оңтүстікте, 9,9% – батыста, 9,1% – солтүстікте, 7,3% – шығыста, 5,0% – орталықта, 3,9% – мегаполис қалаларда. Мемлекетімізде ауылшарушылық саласын қаржылық қолдаудың жаңа механизмдері енгізілуде. Бүгінде ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын кеңейтуге шағын несие ала алады. «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі микрокредиттер 2023 жылдан бастап бүкіл Қазақстандағы 164 аудан бойынша берілуде. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайды. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе 25,4 млн теңге. Ауыл шаруашылығы саласындағы диқандарды қолдау туралы алғаш рет жеңілдетілген несие көлемі 2024 жылы 580 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылық кооперативтері өз өнімдерін өндіріп, интернет арқылы жарнама беру арқылы сатып алушыларға өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Сапалы азық-түлік терең өңдеуді дамытуға шикізаттың қол жетімдігі, өзінің ғимаратын пайдалану, мемлекет тарапынан заңдылық және қаржылық қолдаудың болуы өте кең мүмкіндіктер жол ашты.
– Елімізде су тапшылығы бар. Суармалы жерлерге инновациялық технология қолданыла ма?
– Еліміз бойынша суармалы егістіктің жалпы ауданы 2,2 млн га оның 1,5 млн пайдалануда, соның ішінде инновациялық технология 315 мың га – тамшылап және жаңбырлатын суару әдістері қолданылады. Егістікте қолданылатын сулардың басым бөлігі трансшекаралық өзендерден келеді. Вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар аудандарын азайтты. Биыл 2024 жылы өткен 2023 жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 116 мың га-дан 100 мың га-ға дейін, яғни 16 мың га-ға азайды, күріш алқаптары 6,4 мың га-ға төмен, 93 мың га-ны құрайды. Жалпы астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Өсімдік шаруашылығының түсімі жоғары отандық сапалы тұқыммен қамтамасыз жасалуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бүгінгі кезде Қазақстанның өсімдік шаруашылығын сапалы отандық тұқыммен қамтамасыз жасау бағытында «Qazaq Tuqym» ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды. Оның құрамына солтүстік экономикалық аймақта (Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО) Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына еншілес 12 ұйым кірді. Арнайы тәжірибе алаңдарындағы элиталық дақылдарды өсіру және солтүстік өңірде орналасқан 23543 шаруа қожалықтарын сапалы тұқыммен қамтамасыз жасау. 2024 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 млрд теңге жұмсалды. Ең бастысы, елімізде 2030 жылы отандық элиталық тұқымдарды қолдану деңгейін 80% жеткізу жоспарланып отыр.
– Ауыл шаруашылық саласында еңбек өнімділігін арттыру қандай деңгейде?
– Әрине, еңбек өнімділігі – басты индикатор. Мемлекетіміздегі ауылшаруашылық саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда инновациялық технологияларды пайдалануға басымдық беріліп жатыр. Енгізілетін инновациялар яғни «ақылды технологиялар» агроөндірістік кешеннің дамуына серпін беріп отыр. Бүгінгі кезде жаңа білім, заманауи технология, логистика, интернет ресурстарын, жанұялық кәсіпкерлікті жандандыру арқылы еңбек ресурстары мен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Биыл 2024 жылы мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласына қажетті 20 мың техника сатып алынады.
– Ауыл шаруашылығын цифрландыру туралы да Үкіметте көп айтылып жатқан өзекті мәселелердің бірі. Осы жоба шын мәнінде қалай жүріп жатыр?
– Иә, Қазақстан аграрлық секторын дамытудың басты міндеттерінің бірі – цифрландыру. Өсімдік шаруашылығында цифрландыру бағыты: дайындау (3 түрі) отырғызу (4 түрі) өсіру және қорғау (4 түрі), өнімді жинау (4 түрі), талдау және болжау (4 түрі) жүзеге асырылып жатыр. Цифрландыру арқылы дәлме-дәл егіншілік арқылы егілген егінді жинауға арналған оңтайлы уақытты болжау технологиялары, «ақылды суару», зиянкестермен, арамшөптермен күресу және минералды тыңайтқыштарды енгізудің дифференциалды жүйелерін және инновацияялық технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігінің бірнеше есе артып отыр. Пилотсыз техника адамның қатысу факторын азайта отырып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар 8 ауылшаруашылық аумақтарындағы, жергілікті жағдайларға бейімделген ақпараттық технологияларды пайдалану, егіншіліктің қор үнемдегіш, тікелей себу және өсіру технологияларының элементтерін өндірісітік жүйеге біріктіру танаптарда жыл сайын болатын эрозиялық үдерістерді қысқартады және жауын-шашынды пайдаланудың тиімділігі артады. Еліміздің ауылшаруашылық саласында жүзеге асып жатқан цифрландыру бағдарламасы, аграрлық секторды дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығарады.