adilettv

ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП, ҚАУІПСІЗ ӘРІ ҚОЛАЙЛЫ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ҚАЛЫПТАСУДА

2024–2025 жылдары Шымкент қаласының жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, қала инфрақұрылымын дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жол желісін кеңейту, көлік қозғалысын жеңілдету және жол қауіпсіздігін арттыру бағыттары негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Алдымен көше-жол желісін цифрландыру мен нақтылау жұмыстары жүргізілді. 2025 жылғы цифрлық паспортизациялау нәтижесінде қаладағы көшелер саны 6 882-ге жетіп, олардың жалпы ұзындығы 3 846,7 шақырымды құрады. Бұл – бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда көше санының 64 пайызға, ал жол ұзындығының 18,4 пайызға артқанын білдіреді. Қазіргі таңда жолдардың басым бөлігі асфальтбетон жабынымен қамтылып, топырақ жолдар үлесі айтарлықтай қысқарды.
Құрылыс бағытында да қарқын жоғары. 2024–2025 жылдары қала бойынша жалпы ұзындығы 1 328,5 шақырым болатын жолдар салынып, пайдалануға берілді. Ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында А-2 айналма жолының қайта жаңғыртылуы ерекше орын алады. Жоба 90 пайызға орындалып, негізгі кезеңдері іске қосылды. Сонымен қатар, қаланың орталығын республикалық маңызы бар Ташкент–Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдері, сондай-ақ Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайырық құрылысы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды жобалар саналады.
Жолдарды жөндеу және асфальт жабындысын төсеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2024 жылы 247 көшеде орташа жөндеу жасалса, 2025 жылы 323 көшеде жалпы ұзындығы 201 шақырым жол жөнделді. Бұдан бөлек, шалғай және ішкі орам көшелерінің 820 шақырымына асфальт жабындысы төселіп, қала тұрғындарының күнделікті қатынасы едәуір жеңілдеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да айтарлықтай жетістіктер бар. Соңғы екі жылда қала көшелерінің барлығы жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылып, жол таңбалары мен дыбысты жолақтар сызылды. Көлік қозғалысын реттеу үшін интеллектуалды бағдаршам жүйелері енгізіліп, кептеліс жиі орын алатын аумақтарда қосымша жолақтар салынды және оң жақ бұрылыс өткелдері іске қосылды. Сонымен қатар, тоқтаусыз қуат беретін батареялар орнатылып, бағдаршамдардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
Жалпы алғанда, 2024–2025 жылдары Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жүргізілген жұмыстар қаланың көлік жүйесін жаңғыртып, тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мегаполистің көлік әлеуетін арттыру басты міндет болып қала бермек.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Туристская отрасль в Казахстане: динамика, инвестиции и Neo Nomad Visa

AdiletTV

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 5 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІНГІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАР КОНКУРСЫ БАСТАЛДЫ

AdiletTV

JANNA ELTANOVA – уникальный бренд из Шымкента

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз