Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде 19 қазан – Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сала мамандары мен ардагерлері, құтқарушылар қатысты.
Алдымен арнайы техникалар көрмесімен танысқан облыс әкімі мерекелік жиында төтенше жағдайлардың алдын алу мен оның салдарын жою жолында қызмет етіп жүрген құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Құрметті азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы болу – адам өмірін бәрінен биік қоятын, батылдықты, жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы қызмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықты қорғау жүйесін жетілдіруге айрықша мән беріп келеді. Осы стратегиялық міндетті іске асыру мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы 2 жылда облыстағы өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд.теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сіздер күн сайын қызметтік міндеттеріңізді орындау барысында батылдық пен табандылықтың, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген Нұралхан Көшеров қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар сала қызметкерін марапаттады.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада да сала мамандарының жауапты қызметіне тоқталып, марапаттар тапсырды.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Түркістан облысында салаға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өрт сөндіру қызметін күшейту мақсатында 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Бұдан бөлек «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Сонымен қатар Ораңғай ауылында және Ленгір қаласында өрт сөндіру бөлімдері іске қосылды. Жыл басынан бері өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелеріне 16 мыңнан астам шақырту түсіп, облыс құтқарушылары 139 адамды құтқарған.
