adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Полиция Регион Технология

Қазақстандағы стратегиялық нысандар дрондардан қорғалады: жаңа талаптар күшіне енді

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар нысандарды ұшқышсыз ұшу аппараттарын заңсыз мақсатта пайдаланудан қорғауға бағытталған қосымша шаралар енгізілуде. 2026 жылғы 25 сәуірден бастап бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар өз аумақтарын дрондарға қарсы арнайы жүйелермен жабдықтауға міндетті.

Жаңа талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 9 сәуірдегі № 252 қаулысымен бекітілген. Құжатта террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілген.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл жүйелері стратегиялық объектілерде, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілер санатына жатқызылған экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы кәсіпорындарда міндетті түрде орнатылуы тиіс.

Ал басқа ұйымдар үшін мұндай жабдықтарды орнату міндетті талап болып саналмайды. Егер белгілі бір объектіде дрондардың террористік мақсатта пайдаланылу қаупі болса, арнайы жүйелерді орнату қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде ұсынылады.

Осылайша, жаңа талаптар еліміздегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға дрондарға қарсы арнайы жабдықтарды жаппай орнату міндетін жүктемейді. Бұл талаптар терроризмге қарсы заңнама аясында белгіленген объектілердің нақты санатына ғана қатысты.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті мәліметінше, қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары фото және бейнетүсірілім жасаудан бастап, өндірістік мониторингке, ғылыми зерттеулерге және түрлі технологиялық жұмыстарға дейін кеңінен қолданылады. Сонымен қатар стратегиялық инфрақұрылым нысандарының, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің маңында дрондарды бақылаусыз пайдалану қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.

Сонымен бірге әуе кеңістігінде дронның пайда болуы өздігінен террористік қауіптің бар екенін білдірмейді. Алайда ұшқышсыз аппараттарды заңсыз пайдалану және белгіленген ұшу қағидаларын бұзу адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіруі ықтимал.

Осыған байланысты ұйымдарға күмәнді дрондардың ұшып жүргенін байқаған жағдайда қызметкерлердің қандай әрекет жасау керектігін түсіндіру ұсынылады. Мұндай жағдай анықталған кезде жауапты қызметтерге дереу хабарлау қажет. Ал тиісті өкілеттігі жоқ адамдарға дрондарды өз бетінше ұстап алуға, зақымдауға немесе істен шығаруға әрекет жасауға болмайды.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының иелеріне де ерекше талаптар қойылады. Олар әуе кеңістігін пайдалануға қатысты қолданыстағы шектеулерді, аппараттарды пайдалану қағидаларын және авиациялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға міндетті.

Жаңа шаралар елдегі стратегиялық маңызы бар нысандардың терроризмге қарсы қорғалу деңгейін арттыруға және ұшқышсыз ұшу технологияларын заңсыз пайдаланудан туындайтын қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАНДЫ ТӨБЕЛЕС: ТАҒЫ 3 КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Admin

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫНЫ ҚАБЫЛДАДЫ.

Admin

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК НАҚТЫ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА БАҒЫТТАЛАДЫ

Admin

Пікір қалдырыңыз