2026 жылдың 21 наурыз күні Наурыз мерекесін кең көлемде атап өту аясында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында Халықаралық гастрономиялық фестиваль өткізу жоспарлануда. Ауқымды шара қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі елдердің ас мәдениетін таныстырып, ұлттық тағамдардың алуан түрлілігін насихаттауға бағытталған.
Фестивальге Швейцария, Бельгия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Франция, Түркия, Сербия және Грузия мемлекеттерінен арнайы шақырылған 10 шетелдік бас аспаз қатысады. Сонымен қатар, қаладағы 50-ге жуық қоғамдық тамақтану орны — мейрамханалар, кафелер, фаст-фуд нысандары және басқа да кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынатын болады.
Фестиваль аумағында бірнеше тақырыптық аймақтар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, халықаралық бас аспаздар аймағы, ұлттық тағамдар аймағы, еуропалық және азиялық асханалар бұрышы, сондай-ақ палау, кәуап және самса әзірленетін арнайы алаңдар жұмыс істейді. Іс-шара бағдарламасына сәйкес шетелдік бас аспаздар өз елдерінің ұлттық тағамдарын әзірлеу бойынша кулинарлық шоу көрсетеді. Сондай-ақ, бас аспаздар бірігіп дәстүрлі «Наурыз көже» дайындайды. Фестиваль аясында жергілікті бас аспаздардың қатысуымен «Ең үздік Наурыз көже», «Ең үздік палау», «Ең үздік кәуап» және «Ең үздік самса» номинациялары бойынша аспаздық байқау ұйымдастырылады.
Мерекелік шара тек гастрономиялық бағдарлама аясымен шектелмейді. Қонақтар үшін концерттік бағдарлама, мотошоу, 15 спорттық автокөліктің көрмесі, көше билері, цирк шоуы және ходулистердің арнайы қойылымдары ұсынылады. Сонымен қатар, Арбат алаңында 30 қолөнершінің қатысуымен ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылады.
Бұл фестиваль Наурыз мерекесінің рухын айшықтап, Шымкент қаласының туристік және мәдени әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
