22.3 C
Shymkent
15 июня, 2026
adilettv

ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ САЛЫҚТЫҚ ЖӘНЕ КЕДЕНДІК ӘКІМШІЛЕНДІРУДІ ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАЛАРҒА КӨШІРУДЕ

Қазақстанның Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін цифрландыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Ведомство мемлекеттік қаржының кіріс және шығыс бөліктерін қамтитын ауқымды цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңғырту аясында Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараттық жүйелердің жаңа архитектурасын бекіткен. Жаңа тәсіл қолданыстағы 14 ақпараттық платформаны оңтайландырып, оларды 5 негізгі жүйеге біріктіруді көздейді.

Жаңа архитектура құрамына:

Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘАЖ);
Smart Data Finance (SDF);
Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ);
Электрондық шот-фактуралар жүйесі (ЭШФ);
«Кеден» (АСТАНА-1) кедендік ақпараттық жүйесі енгізілген.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі бұрын жеке жұмыс істеген жеті ақпараттық жүйені бір платформаға біріктірді. Соның ішінде «Салық төлеушінің кабинеті» мен «Дербес шоттарды басқару орталығының» функциялары да осы жүйеге көшірілген.

Бұл жаңашылдық салық төлеушілермен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасу процесін жеделдетуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта СӘАЖ 75 мемлекеттік орган мен екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Нәтижесінде жаңа платформаны бухгалтерлер, экономистер, кәсіпкерлер және заңды тұлғалар кеңінен пайдаланып келеді.

Әсет Тұрысовтың айтуынша, жаңа архитектураның негізгі элементтерінің бірі саналатын Smart Data Finance (SDF) жүйесі де маңызды рөл атқарады. Ол бұған дейін пайдаланылған екі ескірген платформаның орнына енгізілген. Жүйе қаржы саласындағы үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге, талдауға және мемлекеттік шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, цифрлық платформаларды жаңғырту мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Ведомство алдағы уақытта да ақпараттық жүйелерді жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, мемлекеттік кірістер мен шығыстарды басқарудың заманауи әрі тиімді цифрлық экожүйесін қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Инфрақұрылым құрылыс жұмыстары және инженерлік жүйелерді жетілдіру

AdiletTV

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕС ПРЕЗИДЕНТІ АНТОНИУ КОШТАМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

AdiletTV

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІРҚАТАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз