Қазақстан кәсіпкерлері күніне орай Түркістан облысы Сауран ауданындағы «Sauran» шағын өнеркәсіптік паркінде «Түркістанда жасалған» тауарлар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге өңірдің 50-ден астам жергілікті тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Іс-шара барысында жаңа көрме орталығының ашылу салтанаты өтті.
Көрмені облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен еліміздің оннан аса өңірінен келген 130 делегат пен бизнес өкілдері аралап, отандық өнімдермен танысты. Одан бөлек, өңірдің әлеуеті және кәсіпкерлерге ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.
Көрме жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін көрсетуге, отандық өнімдердің нарықтағы орнын нығайтуға және әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Көпшілік назарына өнеркәсіп, машина жасау, электр жабдықтары, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, жиһаз өндірісі, тұрмыстық химия және тамақ өнеркәсібі сияқты түрлі бағыттағы өнімдер ұсынылды. Атап айтқанда, келушілер жылыту және газ қазандықтарын, трансформаторлар мен электр қозғалтқыштарын, генераторларды, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын, кабельдер мен оптикалық кабельдерді, тоңазытқыштарды, сорғы жабдықтарын, электр жабдықтарына арналған металл шкафтарды, дәнекерлеу машиналарын, автомобиль тіркемелерін, электр шәйнектерін және ауыл шаруашылығына арналған дрондарды көрді.
Сонымен қатар металл қоршаулар мен торлар, пластик бұйымдар, арнайы жұмыс киімдері, күйдірілген кірпіш, автоклавты газоблок, ламинат, жиһаз, үстелдер мен орындықтар, капсулалық үйлер және өзге де өнеркәсіптік өнімдер таныстырылды.
Тамақ өнеркәсібі саласында табиғи шырындар, минералды су, алкогольсіз сусындар, банандар, түйе сүтінен жасалған құрғақ сүт қоспалары, сүт және шұжық өнімдері, балмұздақ, сондай-ақ крахмал өнімдері, майлы және желатинді компоненттер ұсынылды. Бұдан бөлек, тұрмыстық химия өнімдері мен жөргектер де көрме экспозициясынан орын алды.
Көрме өңір кәсіпкерлерінің өндірістік әлеуетінің кең екенін, жергілікті кәсіпорындардың әртүрлі бағытта өнім шығарып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге үлес қосып отырғанын көрсетті.
Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлер арасындағы тәжірибе алмасуды жандандырып қана қоймай, өңіраралық әріптестікті кеңейтуге, жаңа сауда байланыстарын орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен бірге жергілікті тауар өндірушілерді қолдау арқылы жаңа өндірістердің дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және халықты жұмыспен қамтуға серпін береді.
Түркістан облысында инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастырылып, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қажетті жағдай жасалуда. Соңғы екі жылда өңірде 12 жаңа индустриялық аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жетті. Қазіргі таңда индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 446,9 млрд теңгені құрайтын 138 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар облыста 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылды. Бұл парктер аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, бүгінде оның 178-і пайдалануға берілді. Аталған нысандарда жалпы инвестиция көлемі 162,9 млрд теңгені құрайтын 146 жоба іске қосылды.
Құрылған өндірістік алаңдар кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, өндіріс орындарын ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға жол ашады. Нәтижесінде, өңірдің инвестициялық әлеуеті нығайып, өнеркәсіп саласының дамуына тың серпін берілуде.
Ал, «Sauran» шағын өнеркәсіптік паркінде жалпы құны 136 млрд теңгені құрайтын 40 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалар аясында 2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазіргі таңда 30-дан астам жоба іске қосылып, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндірістік жобалардың қатарында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, құрылыс материалдары, тоңазытқыш, тоқыма өнімдері мен мебель өндіру бағыттары бар. Бұл өндіріс түрлері өңір экономикасын әртараптандыруға және отандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған.
