17.3 C
Shymkent
30 октября, 2026
adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАНДА ЖОЛДАУДА БЕЛГІЛЕНГЕН МІНДЕТТЕРДІ ӨҢІРДЕ ІСКЕ АСЫРУ БАҒЫТТАРЫ ҚАРАЛҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ

Түркістан облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шараларына арналған облыс активінің жиыны өтті. Мәжілісті облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жүргізіп отырды.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде іске асыру, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыттары талқыланды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Жолдау ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтарды айқындайтынын атап өтіп, тапсырмаларды өңірдің мүмкіндіктерімен ұштастыра отырып, нақты нәтижеге бағыттау қажеттігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы жаппай құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғыртуға, көлік-логистика жүйесін жетілдіруге, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге айрықша басымдық берді. Бұл міндеттер халқының саны 2,1 миллионнан асатын Түркістан облысы үшін ерекше маңызды. Сондықтан Жолдаудағы әрбір тапсырма нақты іспен және халықтың тұрмысындағы оң өзгерістермен өлшенуге тиіс. Әрбір басшы өзіне жүктелген міндеттің орындалуына дербес жауап беріп, нәтижеге жұмыс істеуі қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі баяндамасында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасының өңір үшін маңызын атап өтті. Келер жылы облыстық бюджет есебінен 34,2 млрд теңгеге 36 нысанның құрылысын жүргізу, сондай-ақ үш жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Жыл соңына дейін 31 нысанды аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар үшін 496 жалдамалы пәтер салу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласында 80 орындық перзентхананы биыл желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген. 2027 жылы өңірде 32 медициналық нысан салу жоспарланса, Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана және Сарыағаш ауданында перинаталдық орталығы бар медициналық кешен құрылысы жүргізіліп жатыр.
Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясы, Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясы салынуда. Бұл жобалар өңірдің электр қуатына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Көлік-логистика саласында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі мен Сарыағаш қаласындағы айналма жолдың құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салу жұмыстары басталады. Аталған жобалар өңірдің көлік байланысын жақсартып, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше мән берілді. Түркістан қаласында 2 300 студентке арналған Woosong IT университеті ашылып, онда жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, киберқауіпсіздік және бағдарламалау бағыттары бойынша мамандар даярлануда. Өңір басшысы заманауи технологияларды мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік қызмет көрсетуде, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.
Аграрлық саланы дамыту және жергілікті шикізатты терең өңдеу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа технологиямен өсірілетін мақта алқабы өткен жылы 52 мың гектар болса, биыл 91 мың гектарға жеткен. 2030 жылға дейін жалпы құны 213 млрд теңгені құрайтын бес мақта-тоқыма кластерін іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда жылына 230 мың тонна дайын өнім өндіруге және 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңір экономикасының өсімі мен инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында индустриялық аймақтар мен «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларға 66 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 кәсіпорын іске қосылған. Бұдан бөлек, шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту арқылы жергілікті өнім өндірісін ұлғайтуға, импортты алмастыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
Жиында экономикалық дамумен қатар қоғамдық тұрақтылықты сақтау, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүйелі жалғастыру қажеттігі де айтылды.
Жиын барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Асылан Ибадуллаев, Woosong University Kazakhstan университетінің әкімшілік істер бойынша деканы Джонг Енг Хва және Кентау көпсалалы колледжінің оқытушысы Диларам Анарбаева сөз сөйлеп, Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Жиын қорытындысында Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы орындау, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру және әрбір тапсырманың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді. Негізгі мақсат – Түркістан облысын экономикасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз өңірге айналдыру.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Нурлан Абдразахов назначен руководителем территориальной инспекции в Шымкенте

Admin

Алматыда подполковникті ұстау: полиция тергеу жариялады

admin

ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

Admin

Пікір қалдырыңыз