adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Регион Саясат Түркістан

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғындарды толғандырған мәселелер және алдағы міндеттер талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, онда белгіленген басым бағыттарды өңірде сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және реформаларды нақты нәтижелермен жалғастыру міндеттерін айқындады. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға және сіздердің мәселелеріңізді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, – деді Нұралхан Көшеров.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 192,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,7 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,2 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,8 млрд теңгеге жеткен. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 37,7 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 19,3 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,8 мың шаршы метрге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 91,7 млрд теңгені құрап отыр.
Аудан 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде 2-орынды иеленген. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен 4-орынға тұрақтаған.
Білім беру саласында өткен жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында Ақниет елді мекенінде 600 орындық, ал биыл Жетісай қаласында 1500 орындық мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар Жылы су елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылған. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде биыл 3 елді мекен табиғи газға қосылған. Осылайша аудандағы 105 елді мекеннің 93-і немесе тұрғындардың 98,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылуда. Ауыз сумен қамту бағытында өткен жылы 4 елді мекенде 73 шақырым су құбыры жаңартылған. Биыл 5 елді мекенде 30 шақырым ауыз су құбырын, 3 су мұнарасы мен 1 су резервуарын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғын үй саласында өткен жылы 84 пәтерлі арендалық тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 64 пәтер табыстау жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 7 медициналық нысан пайдалануға берілген. Биыл Ақниет және Абай елді мекендерінде тағы 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Асықата кентіндегі аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жыл соңында пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі ауданның даму қарқынын сақтап, экономикалық көрсеткіштерді одан әрі жақсарту қажеттігін атап өтті. Аудан басшылығына инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу керектігін ескертті.
Кездесуде 2025 жылы тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы да қаралды. Былтыр тұрғындар тарапынан 7 мәселе көтеріліп, оның 5-еуі шешімін тапқан, қалған 2 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бұдан кейін аудан әкімі Серік Мамытов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың сауалдарына жауаптар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

2026 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА КЕҢІНЕН ТАРАЛҒАН ЕКІ БАНКНОТА ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒАДЫ

Admin

ЖОҚ“ ДЕГЕНІНЕ КӨНБЕГЕН : ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР СТАЛКИНГ ДЕРЕГІНІҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Admin

Пікір қалдырыңыз