Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары жексенбі күні қызметтік кабинетте алкогольдік масаң күйде анықталды.
Тараған мәліметке сәйкес, Еркін Сақыбаевтың жұмыс орнында мас күйде жүргенін өз әріптестері байқаған. Осыдан кейін оған медициналық куәландыру жүргізіліп, масаңдық фактісі расталған.
Осыған байланысты полиция қызметтік тәртіпті бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Жамбыл облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жұмыс орнында мас күйінде болған қызметкерді анықтаған.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша аталған қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
Полиция өкілдері заңдылық пен қызметтік тәртіпті бұзуға төзбеушілік қағидаты ұстанылатынын атап өтті. Ведомство лауазымы мен атағына қарамастан, кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын алға тартты.
