6.3 C
Shymkent
21 ноября, 2024
Жаңалықтар Қоғам Шымкент

ШЫМКЕНТ: бес адамның өліміне себеп болған автобустың жүргізушісіне сот үкімі шықты

Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында бірнеше адамның өліміне себеп болған автобустың жүргізушісіне қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Aspan.info

ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен (көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын өрескел бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне және адамның денсаулығына ауырлығы «орташа» зиян келтiру) сотқа берілген.

Соттың анықтағанындай, 2023 жылдың 8 сәуірінде шамамен сағат 17.08 шамасында жүргізуші алдын ала келісім бойынша №21 бағыттағы автобус жүргізушісімен ауысып, жол парағынсыз автобусты басқарып, жолаушыларды тасымалдаған. Шамамен сағат 18.25-те Бәйтереков көшесіндегі соңғы «Метро» аялдамасына барлық жолаушыларды түсіріп, артқа бұрылып аялдамаға жетпей автобусты тоқтатқан. Әрі қарай, автобустың қол тежегішін тоқтауға қоймай, автобустан түсіп, көлік құралын тастап кетіп, сол жердегі дәмхананың дәретханасына кірген.

Шамамен сағат 18:28-де жүргізушісіз қалған автобус өздігінен жолдың енісі бойынша қозғалып, Бәйтереков көшесінің бойымен, Назарбеков көшесінің бағытына төмен қарай жүріп, Назарбеков көшесінің қиылысындағы бағдаршамға шамамен 50 метр қалған кезде жолдың қарсы бағытына шығып, Байтереков пен Назарбеков көшесінің қиылысындағы қарсы бағыттағы бағдаршамның алдында тұрған жаяу жүргіншілер Е., О., Т., Т., Ж. және С.-ты қағып, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Орын алған жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жаяу жүргіншілер Е., О. және Т. әр-түрлі дене жарақаттарын алып, оқиға орнында қайтыс болған. Ал, кәмелет жасына толмаған Т. мен Ж. алған әр-түрлі дене жарақаттарының салдарынан облыстық балалар ауруханасына жеткізу барысында қайтыс болған. Жәбірленуші С. әр-түрлі дене жарақаттарын алып, соның салдарынан оның денсаулығына ауырлығы «орташа» дәрежедегі зиян келтiрілген.

Куәлардың жауаптарымен, автобус ішінен дәлелдеме заттарды алу және оған қарап тексеру хаттамасымен, жол көлік оқиғасы түскен жазбаларды «Бахыт» тұрғын үй кешенінен және «Мадлен» дәмханасынан алу туралы хаттамаларымен, көлік құралдары сот-сараптамасының қорытындысымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, заттарға қарап тексеру хаттамасымен (фототаблицасымен) толығымен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасын және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу куәлігінен айыру қосымша жазасын тағайындауды, жәбірленуші С.-тың талап арызын қанағаттандыруды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыға кешірім беріп, жазаны тағайындауды соттың қарауына қалдырды. Қорғау тарапы жәбірленушілердің пікірін есере отырып, сотталушыға ең төменгi шектен төмен жаза тағайындалуы сұрады. ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігінің санкциясында белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот, сотталушы Ю.-ға жаза тағайындауда, қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, ол өз айыбын толығымен мойындауын, шын жүректен өкініш білдіруін, бұрын сотты болмағанын, жәбірленушілердің кешірім бергендерін және асырауында жас баласы барын, ал қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескерген.

Сот Ю.-ны ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленуші С.-тің талап арызы қанағаттандырылды. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу

Related posts

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Астанада қазақстандық азаматтың жүрегі мен бүйрегі үш науқасқа ауыстырылды

admin

Tinder клиенттердің премиум қызметтері үшін неге әртүрлі баға төлейтінін түсіндіруі керек

admin

Leave a Comment