5.3 C
Shymkent
21 ноября, 2024
adilettv Ақпарат

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТЫ САҚТАМАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Түркістан облысында 41 ыстық су ұңғымасында 69 жекеменшік монша бар. Атап айтсақ, Сауранда – 5, Түркістан қаласында – 2, Арыста –11, Отырарда –15, Қазығұртта –2, Бәйдібекте –1, Келесте –12, Сарыағашта –12 және Ордабасы ауданында 9 монша тіркелген. Олардың бәрі экологиялық талаптарды сақтаған ба? Бұл сұрақ аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге жауапты басқарма басшысы мен мекеме өкілдерінің есептерін, ұсыныстарын тыңдады.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, аталған моншалардың 16-сы ғана орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылған. 23 моншаның сарқынды суы талапқа сәйкес келмейтін септикке құйылып жатыр. Ал 30 моншадан шыққан (Сауран – 4, Отырар – 8, Бәйдібек–1, Келес – 8, Ордабасы – 9) шыққан сарқынды су тікелей жерге ашық күйде төгілуде. 69 моншаның 53-інен шыққан сарқынды суды төгуге экология департаментінен арнайы рұқсаты алынбаған.
Облыс әкімі бұған дейін моншалардан шыққан сарқынды су мәселесін ретке келтіруді тапсырған болатын. Сол тапсырма бойынша іс-шара жоспары бекітіліп, басқарма тарапынан мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғалардың өкілдері қатыстырылған арнайы жұмысшы тобы құрылған.
Экологияға жауапты тұлғалармен талқылаулар өткізіліп, аудан, қалаларда арнайы аралау кестесі бекітіліп, моншаларға толықтай зерделеу жүргізілді.
Нәтижесінде Сауран, Отырар, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарының әкімдіктері тарапынан экология департаментіне тексеру тағайындау бойынша ұсыныс енгізілген. Алайда ұсыныстарында нақты дәлелдердің (құжаттары, фото, видео және т.б.) болмауына байланысты, департаментпен қараусыз қалдырылып, кері қайтарылған.
– Маған нақты жұмыс пен нәтиже керек. Неліктен тиісті дәлел құжаттарын ұсынып, мәселені шешпейсіздер? Заңға сәйкес реттеу керек қой. Екі жол бар. Кәсіпкерлер заңға бағынып, санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Егер сақтамаса, ол моншалардың жұмысын тоқтату керек. Экология департаменті тарапынан да қолдау көрсетілуі қажет деп есептеймін. Аудан, қала әкімдіктеріне түсіндіріңіздер, көмектесіңіздер. Экология – бәрімізге ортақ мәселе. Сәуір айының соңына дейін осы түйткілді реттеуді тапсырамын. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды Келес, Сарыағаш, Отырар ауданы әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Сонымен бірге экологияға зиянын тигізіп отырған кәсіпорындардың мәселесі бойынша тиісті жұмыс істеу керектігін айтты.
Айта кетейік, Экология департаменті тарапынан Сауран ауданындағы С.Қожанов, Теке елді мекендеріндегі 5 моншаның («Жылы су», «Інжу», «Әмір Темір», «Ақсу», «Шипа су») заң талаптарына сәйкестігіне тексерулер тағайындалып, нақты шаралар қабылданған. Қорытындысымен, 10 заңбұзушылық анықталып, жалпы 9 797 500 теңге айыппұл салынған.
Өңір басшысы облыстағы табиғи ыстық және минералды суларды зерттеу нәтижесін жедел шығару жөнінде де тапсырма берді. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бұл жұмыс таяуда аяқталмақ.
Аппараттың апталық мәжілісінде облыс бюджетінің 1-сәуірге атқарылу барысы да сараланды. Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, облыс бойынша 2024 жылғы 1 сәуірге дейін бюджетке 61,2 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 133,5%-ға орындалған. Жоспар өзге де салықтық емес түсімдер есебінен артық орындалып отыр. Жыл басынан бері салықтық түсімдер бойынша бюджетке 42,9 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 9,9 млрд. теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша облыс бюджеті 8,3 млрд. теңгемен толыққан.
Бөлісу

Related posts

Елордада жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды

AdiletTV

САЙЛАУШЫЛАР ДАУЫС БЕРІП ҰЛТТЫҚ ОЙЫНҒА ҚАТЫСЫП, СЫЙЛЫҚТАР АЛДЫ

AdiletTV

Шымкент қаласы: Сыбайлас жемқорлық пен интернет алаяқтықтың алдын алу мәселелері қаралды

AdiletTV

Leave a Comment