«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығының аяғында Түркістанда ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Тарихи шаһар кезекті рет жасыл желекпен толықтырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды экобелсенді болуға шақырды.
Экоакцияға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, медицина мен білім мекемелері, полиция және төтенше жағдай қызметі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, оқушылар, студенттер, жергілікті футболшылар, құрылысшылар, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазақстан темір жолы» мекемесінің өкілдері де белсене атсалысты. Саябақ аумағына 100-ден аса ағаш көшеті отырғызылды. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.