Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында, облыс полицейлері тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов бұл шараны қатаң бақылауға алған.
Сауран ауданында рейд өтіп, 1 тәулікте заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 5 жайты анықталды. Жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Ал құжаттар әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін Экология департаментіне жолданды.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» дерегімен 4 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 150 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу» бабымен Экология департаментіне жолданған. Айыптұраққа 164 жүккөлігі қойылған.Өз кезегінде полиция табиғат байлығына жанашырлықпен қарап, заңды бұзбауға шақырады.