adilettv

Қайрат Сәтжанов: Құрлықтық додадан құр қол қайтпаймыз

Париж-2024 ойындары қазақ боксшыларына үлкен сын әкелді. Сол күндері аспаннан алтын жаудырамыз деп жүріп, күміс пен қоланы мойнымызға әзер тақтық. Әлемдік бәсекенің аяқталғанына үш айдан асса да, халықтың айтар жыры таусылмақ емес. Дегенмен, аталған жағдай отандық былғары қолғап шеберлерінің сағын сындыра қоймады. Керісінше жігеріне жігер қосып, қайраты тасыған олар, кешегі олқылықтың орнын толтырсақ дейді. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжан Азия чемпионаты алдында былай деп ағынан жарылды:

“Басқа спорт түрлерінен жеңілсек білінбейді ғой, бірақ бокстағы жеңіліс әрбір қазақ баласына ауыр тиетіні рас. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершілік өте үлкен. Парижде өзіміз қалаған нәтижеге қол жеткізе алмадық. Олимпиада ойындарынан кейін қайта аяққа тік тұрып жатырмыз. Халық тарапынан түскен сын да орынды. Ал, әзірге басты қарсыласымыз — өзбектер. Одан бөлек, Таиланд, Корея, Жапония, Моңғолия, Қытай және Қырғыз ағайындарды атап өтуге болады. Бірақ, біздің жігіттер де осал емес. Азия чемпионатына баратын құрамда сегіз бірдей спорт шебері бар. Басқа жігіттердің де аяқ алысы жақсы, дайындықтары жіті қадағаланып жүр. Ендігі мақсат — командалық есепте бірінші болу, алтыннан алқа тағу.”

Бокстан Қазақстан құрамасы 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландта өтетін Азия чемпионатына аттанады. Жарысқа дейін, бұрымды боксшылар Алматы облысында жаттықса, ерлер құрамасы соңғы дайындықтарын елордада пысықтады. Сондай-ақ, Куба, Ресей және Грекия командаларымен өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай түсті. Олардың ішінде аты әлемге мәшһүр, кубалық екі дүркін олимпиада чемпионы Хулио Сесар ла Крус та бар. Құрлықтық додаға бағытталған жаттығу аяқталған соң, ата салтымен қонақтарға шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.

Желтоқсан айымен қатар келе жатқан бәсекеде ерлер құрамасы 13 салмақ дәрежесінен күш сынасса, әйелдер құрамасы 12 түрлі салмақта жұдырықтасады. Ұлттық құрама сапында бүгінгі күннің жұлдыздары Санжар Тәшкенбай, Сәкен Бибосынов, Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бар. Сондай-ақ, таудай талаппен жарысқа аттанған қазақ боксшылары қазірдің өзінде жанкүйерлерден қолдау сезініп жатқанын жасырмады:

“Олимпиада ойындарындағы сәтсіздікке қарамай қолдаушылардың қатары көп болды. Оларға айтар алғысым шексіз, жанкүйерлерге ризамын. Азия чемпионатына дайындықты бастағалы ақ тілектерін жаудырып жатыр. Осындай маңызды чемпионат алдында халық тарапынан жеңіске деген сенім жоғары. Маған үміт артып жатқандарының өзі — үлкен күш” деп Мұхаммедсабыр Базарбайұлы көрермендерге ризашылығын білдірді. Жас боксшы биыл жазғы ойындардың қатысушысы атанып, финалға жетпей жеңіліс тапқан еді. Олимпиадаға дейін 9 жекпе-жек өткізіп, мықтылығын мойындатқан ол, Азия чемпионатында сынға түсетін боксшылар арасында басты фавориттердің тізіміне еніп отыр.

Біріншілікте бақ сынайтын спортшылардың қатарын 71 келі салмақтағы Абылайхан Жүсіп толықтырды. Токио олимпиадасынан кейін кәсіпқой бокста екі жыл тәжірибе жинаған ол, әуесқой боксқа жаңа леппен қайта оралды.

“Кәсіпқой бокста әлі ешкіммен келісімшарт жасасқан жоқпын. Екі жыл бойы тәжірибе жинап, біраз өскенім байқалады. Ал, Азия чемпионаты — маған берілген үлкен мүмкіндік. Қарсыласымның кім екені әлі белгісіз. Бірақ, кім болса да әр жекпе-жекті соңғы жұдырықтасуым деп қабылдап, өзімді саналы түрде дайындап жатырмын. Себебі, алтын алу оңай емес. Кез келген спортшының көздегені осы жылтырақ болған соң, бәсекелестік те жоғары. Жарыстан соң алға қойған бірнеше жоспарым бар, ол үшін мен міндетті түрде ұтуым керек.”

Қолдау мен сенім — әрбір спортшының ең мықты қаруы. Азия чемпионатында боксшыларды жеңіске жетелейтін алдымен дайындығы болса, екіншіден жанкүйердің ыстық ықыласы. Бұл дода біздің бокстың деңгейін тағы бір мәрте көрсетпек. Сондықтан, ұлттық құрамаға сәттілік тілейміз!

«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3-курс студенті»

Аружан Абайқызы

Бөлісу

Related posts

Город Шымкент: Призывают быть осторожными с интернет-мошенниками

AdiletTV

Түркістан облысы: Балалардың, әсіресе жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының жағдайы бүкіл әлемде алаңдаушылық туғызуда.

AdiletTV

Кәсіпкерлерге субсидия қаржысы тиісті мөлшерде аударылады

AdiletTV

Leave a Comment