Шымкент қаласында улы, жарылғыш және өзге де қауіпті заттарды сақтаумен және пайдаланумен айналысатын қоймалар мен өндірістік мекемелердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған ведомствоаралық жұмыс тобының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.
Аталған жиынға Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты, қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, сондай-ақ бірқатар салалық басқармалар мен бақылаушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – қала аумағындағы қауіпті өндірістік нысандар мен қоймаларда қауіпсіздік деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүйелендіру, ықтимал қауіп көздерін дер кезінде анықтап, олардың таралуының алдын алу және осы салада салааралық үйлестіруді күшейту болып табылады.
Кездесу барысында қатысушылар төмендегі негізгі бағыттар бойынша пікір алмасты:
Қоғамдық және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар қабылдау;
Қауіпті нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру бойынша алдағы жүргізілетін жұмыстардың тәртібін нақтылау;
Қоймалар мен өндіріс орындарындағы қауіпсіздік режимін жетілдіру;
Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру;
Қауіптің ықтимал факторларын алдын ала анықтап, оларды жүйелі бақылауға алу.
Жиын қорытындысында барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, қауіпті нысандар бойынша бірыңғай мәліметтер базасын өзектендіру, алдағы профилактикалық тексеру жұмыстарының кестесін үйлестіру және оқыс жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет ету механизмдерін қайта пысықтау міндеттелді.
Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қауіпті заттармен жұмыс істейтін субъектілерге қойылатын талаптарды қатаңдату, оларды үнемі мониторингтеу және қауіпсіздік мәдениетін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпті нысандарда еңбек ететін қызметкерлер үшін тиісті жағдай жасау мақсатында алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасатын болады.