Абай облысының орталығы Семей қаласында Шымкенттің мәдениет күндері аясында тағылымы мол мәдени іс-шара өтті. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Құлбек Ергөбек пен белгілі абайтанушы, ғалым Ақжол Қалшабек оқырмандармен шығармашылық жүздесу өткізді.
«Ғибратты ғалымдармен сыр-сұхбат» атты бұл кездесу зиялы қауым мен әдебиетсүйер көпшілік үшін мәні терең, мазмұны бай болды. Еркін форматта өткен сұхбат барысында қаламгерлер әдебиет, ұлттық мұра, Абайтану ғылымының бүгінгі өзекті мәселелері туралы ой қозғап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу өзара пікір алмасуға, рухани байланыс орнатуға және шығармашылық көзқарастарды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Іс-шараны филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын, Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова жүргізіп отырды. Кездесуде айтыскер ақын Мейіржан Жақып Абай еліне жыр арнаса, дәстүрлі әншілер Тұрар Әлменов пен Руслан Ақынбеков ұлы ойшылдың әсем әндерінен шашу шашып, кештің сәнін арттырды.
29-30 қараша күндері Абай облысында Шымкент қаласының мәдениет күндері өтіп жатыр. Оңтүстіктен келген өнер ұжымдары мен мәдениет қайраткерлері семейлік көрермендерге өздерінің үздік қойылымдары мен концерттік бағдарламаларын, көрме және әдеби жобаларын ұсынуда. Бұл іс-шара мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Айта кетейік, SCAT әуе компаниясы Шымкент және Семей арасында екі чартерлік рейс ұйымдастырып, шымкенттік делегацияның сапарына қолдау көрсетті.
АЛДЫҢҒЫ ПОСТ
