adilettv

BURGER KING KAZAKHSTAN-ҒА БАЙКОТ ЖАРИЯЛАУДА

Қазақстандағы Burger King тез тамақтану желісінің басы дауға қалды. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар брендті сынап, дәмханаға қатысты теріс пікір жаудырды. Жанжал Burger King-те аспаз болып жұмыс істейтін, аутизм диагнозы бар қызметкерге қатысты болған.
Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Каратай Threads желісінде аутист ұлы Алибектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген.
“Аутизмі бар ұлым Алибек Каратай туралы көп адам біледі, қазір ол 27 жаста. Ол 1998 жылы дүниеге келген, 2 жасында біз оның денсаулығында бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндік. Ол екінші бала, сөйлей алмады, өз ойын жеткізгісі келмеді. Сол кезде “аутизм” немесе тіпті “сөйлеудің кідіруі” деген сөздер де жоқ еді. Мен өзімнің IT саласындағы жұмысымды және мансабымды тастап, бәрін өзім кірістім. Бірнеше жыл бойы педагогика мен реабилитацияға толық берілдім. Ол мектепті бітіріп, Жүргенев колледжінде оқыды, мүсіншілік мамандығын меңгерді, ермексаздан жасалған анимациялық мультфильмдерге қызықты”, – деп жазды Жанат Қаратай.
Оның айтуынша, Алибек көп жерде жұмыс істеп көрген. Бірақ соңында ұжым мен жұмысты ұнатып, осы тамақтану желісінде жұмысын жалғастыратын болып шешкен.
“Ол төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеді, жалақысын алды, тапқан ақшасын қуана жұмсады, ұжымға бейімделгенін сезді, қосымша сағаттарда жұмыс істеді, демалысын жоспарлады, бір филиалдан екіншісіне ауысты. Бұл – біздің әкімшілер мен менеджерлермен бірге атқарған жұмысымыз. Бірақ жаңа басшы Сергей келгелі бәрі өзгерді. “Көзге көрінбейтін қысым” басталды. Күзден бастап Алибек өзіне ұқсамай кетті. Тек жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқандарын білгенде ғана мән-жайды естідік”, – делінген жазбада.
Автор жаңа басшымен жеке сөйлесуге тырысқан, бірақ бұл жағдай ештеңені шешпеген.
Кейін Жанат Қаратай өзіне компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері жаңа менеджмент тарапынан еңбек құқықтарының бұзылуы немесе қысым көрген жағдайлар туралы хабарламалармен жүгінгенін айтты.
Аутист жігітті жұмыстан шығуға мәжбүрлеген_ Қазақстандықтар Burger King-ке байкот жасап жатыр.
Ол компанияның бұрынғы қызметкері деп танысқан адаммен хат алмасқандағы скриншоттарын жариялады. Хабарламаларда ұжымдағы өзгерістер дәл Ресейден жаңа басшылық келгеннен кейін басталғаны айтылған. Экс-қызметкердің жұмысқа немесе ұжымға ешқандай шағымы болмаған, бірақ кейіннен компания ішіндегі өзгерістерге байланысты жұмыстан кетуге шешім қабылдаған.
Оның айтуынша, жаңа басшылар қызметкерлермен танысу кезінде мейрамханаларды аралап, өздеріне жасалған еңбек шарттары мен жалақыларын ашық айтып, мақтанған.
“Олар жалақыларын, жұмыс шарттарын жасырмай айтып жүрді. Бұл ақпарат қарапайым қызметкерлер арасында өте тез тарады. Әрине, адамдарға ауыр тиді. HR болсын, басшылық болсын, айырмашылық жоқ. Барлығы өзін өзгелерден ақылдырақ сезінетіндей, тым менмен ұстайды”, – дейді ол.
Бұрынғы қызметкердің айтуынша, жағдайды ушықтырған тағы бір оқиға болған. Аймақтық басшы Сергейдің жұбайы жұмыс орнында Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын мем жапсырған. Белгілі болғандай, ол да Ресейден келген, мейрамхана директоры болып жұмыс істеп, кейін қызметі жоғарылаған.
“Бұл мемді бір әріптесім Threads желісіне салып, шағымданды. Бірақ бізді қорқытып, шу шықпай тұрғанда жазбаны өшіртті. Осындай көзқарастан кейін көп адам шыдай алмай кетті. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр. Қазір компанияның ішінде не болып жатқанына қатты қынжыламын, — деп түйіндеді бұрынғы қызметкер.
Burger King Kazakhstan-да жанжал шықты: Аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптады.
Болған жағдайға қатысты Burger King мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді. Компания “Алибек Қаратай жұмыстан шығарылды” деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Қазір Алибек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ. 2026 жылдың 29 қаңтарында HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама келді. Содан кейін Алибек уақытша жұмысқа шығуды тоқтатты, бірақ компания белгіленген нысанға сәйкес ресми өтінішті алған жоқ.6 ақпанда қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға хабарласып, өзі жазған Алибектің жұмыстан шығу туралы өтінішті алып келді. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мұндай өтініштерді қызметкер өзі келіп жазу керек”, – деп жазды компания.
Сондай-ақ компания бар шешімдерді, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысуды ұсынғанын атап өтті. Өздерінің әңгімеге ашық екенін, қызметкер және оның отбасымен келесі қадамдарды жұмыс форматында талқылауға дайын екенін жеткізді.
“Burger King Kazakhstan баршаға құрметпен қарау, тең мүмкіндіктер беру және кемсітушілікке жол бермеу қағидаларын үнемі ұстанады. Инклюзивті болу біздің корпоративті мәдениетіміздің маңызды бөлігі”, – делінген жазбада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменті оқиғаның мән-жайын зерделеп жатқанын мәлімдеді. Министрлік өкілдері еңбек заңнамасы аясында барлық фактіге құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Қазақстандықтар тамақтану желісіне жаппай байкот жариялап жатыр.
“Қазақ халқын қорлап, адал ұлымызды жұмыстан шығарып, Қазақстанды мазақтайтын мем жапсырып, ұлтты ешекке теңеген Burger King-ке толық байкот”, “Мен үшін Burger King жабық”, “Жабылсын”, “Сіздер клиенттеріңіздің қазақстандықтар екенін ұмыттыңыздар-ау деймін. Қызметкерлеріңіз де қазақстандықтар. Адамдарға неге мұндай қарым-қатынас жасайсыздар?”, “Қайда келгені белгісіз Сергей неге қазақстандықтарға заң соғуы керек”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Всего на территории города Шымкент зарегистрировано 686 преступлений интернет-мошенничества.

AdiletTV

ШЫМКЕНТТЕ 90 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

AdiletTV

ЕҢБЕКШІ ЖӘНЕ ҚАРАТАУ АУДАНДАРЫНДА МЕРЕКЕЛІК БЕЗЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРЛАНУДА

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз