Шымкент қаласында көп балалы аналарды ұлықтау мақсатында салтанатты марапаттау рәсімдері өтті. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 2 наурыздағы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған іс-шара барысында аналарға мемлекеттік наградалар табысталды.
Қуанышты оқиғаға орай мегаполистегі барлық аудан әкімдіктерінде арнайы жиындар ұйымдастырылып, көп балалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Жалпы саны 112 ана «Алтын алқа» иегері атанса, 150-ден астам ана «Күміс алқа» наградасымен марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында аналардың қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі мен отбасы институтын нығайтудағы үлесі кеңінен атап өтілді. Іс-шараға қатысқан сала өкілдері мен жауапты тұлғалар көп балалы аналардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды. Бұл бағыттағы саясат отбасы құндылықтарын нығайтуға және демографиялық өсімді қолдауға бағытталған.
Айта кетейік, мемлекеттік марапаттарға қатысты толық ақпаратты аудан әкімдіктерінен алуға болады. Сондай-ақ, наградаларға ұсынылу үшін қажетті құжаттарды да сол жерлерде тапсыру қарастырылған.
Шымкентте көп балалы аналарды қолдау және оларды қоғамда дәріптеу жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.
