Енді тек қызғалдақты ғана емес, «мамыргүлді» (сирень) заңсыз жұлу немесе сындыру да айыппұл салуға негіз болады. Полицияның мәліметінше, қоғамдық тәртіпті бұзып, мамыргүлді жұлған азаматтарға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 216 250 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, қоғамдық орындарда өсіп тұрған бұталар мен гүлдерді сындыруға немесе жұлуға болмайды. Ал егер өсімдік жеке меншік аумақта болса, оны бүлдірген адамнан жер иесі келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы.
Алайда бұл талап әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Қолданушылардың бір бөлігі мұндай айыппұлды тым қатаң шара деп бағаласа, енді бірі мәселенің ботаникалық жағына назар аударды. Олардың айтуынша, мамыргүл бұтасын белгілі бір уақыт аралығында кесіп, қалыпқа келтіріп отыру — өсімдіктің дұрыс өсуі үшін қажет күтімнің бір түрі.
«Мамыргүлді күтіп-баптау үшін оны мезгіл-мезгіл кесіп отыру керек. Бірақ бізде бұл мәдениет қалыптаспаған, көбіне адамдар оны дұрыс кесудің орнына жай ғана сындырып кетеді», — деп жазады желі қолданушылары.
Сондай-ақ кейбір пікір иелері айыппұл мәселесін сынға алып, мұндай шаралар түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі тиіс екенін алға тартты. Олардың пікірінше, тұрғындарға өсімдіктерді күту мәдениетін үйретпей тұрып, қатаң жазалау енгізу қоғамда түсінбеушілік туғызуы мүмкін.
Мамандар болса, көгалдандыру нысандарын қорғау — қаланың экологиялық жағдайы мен көркі үшін маңызды екенін еске салады. Сондықтан қоғамдық орындардағы өсімдіктерге ұқыпты қарау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі болып қала бермек.
