Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер талқыланды.
Мәжіліс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Облыс әкімі саммиттің тарихи маңызына және облыстың даму көрсеткіштеріне тоқталды.



Айта кетейік, Түркістан төрінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан
мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Түркі әлемінің рухани астанасында өткен маңызды жиын барысында бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Саммит аясында Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған ортақ келісімдер қабылданды.

Сонымен қатар шетелдік делегациялар Түркістан қаласының қарқынды дамуына, заманауи инфрақұрылымына, тазалығы мен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.
