11 қазан – Мүгедектігі бар адамдар күніне орай Кентау қаласындағы «Арнаулы кәсіптік колледжінде» «Мейірімділік – жүректен, қолдау – баршамыздан» тақырыбында спорттық іс-шара өтті. Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы ұйымдастырған жарысқа 40-қа жуық студент қатысты.
Қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат, пара үстел теннисі және пара қол күресінен өзара бақ сынады. Спорттық сайыстың мақсаты – жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігін қолдау.
Жарыс қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан Дилрабо Суннатуллаева 1-орын иеленсе, Исабек Қали екінші, Нұрдәулет Махамбет 3-орынға тұрақтады. Пара үстел теннисінен Нұрлыбек Бактугулов жеңімпаз атанды. Нұрсұлтан Муконов екінші, Леонид Пономарев үшінші орынға лайықты деп танылды.
Пара қол күресінен Озатбек Абдулжолов 1-орынға ие болса, Бағдәулет Арызбек екінші, Ердәулет Турганбек 3-орынға шықты. Ал шахматтан Роза Шотаева чемпион атанса, Бағдәулет Арызбек екінші орын иеленді. Есбол Есімхан мен Ерасыл Серікбай үшінші орынға табан тіреді.
Іс-шара соңында спорт клуб директорының орынбасары Бақкелді Калибеков пен колледж директорының орынбасары Ильмира Амирханова жеңімпаздар мен жүлдегерді марапаттап, арнайы сый-сияпат ұсынды. Спорттық жарыс жастардың өзара достығын нығайтып, жігері мен табандылығын танытуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының директоры Сабыржан Бульдуруков пен «Арнаулы кәсіптік колледжі» КММ директоры Роза Аяпбергенова арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Құжат спортты дамытуға және студенттердің спортпен шұғылдануына қолдау көрсетуге бағытталған.
