12.3 C
Shymkent
22 октября, 2026
adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Регион Саясат Түркістан

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдің даму мүмкіндіктері мен алдағы міндеттер айтылды. Жиын ашық диалог форматында жалғасып, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Нұралхан Көшеров, ең алдымен, Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін елімізде жылыжай шаруашылығы дамыған, емдік шипажайларымен ерекшеленетін саялы Сарыағаш өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 9 айында 379,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 144 пайызға артты. Өнеркәсіп өнім көлемі 27,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 111,1 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 16,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,3 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 49,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 86,9 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй 49,4 мың шаршы метрді құрап, нақты көлем индексі 103,1 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 122,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,7 пайызға артты. Былтыр өздеріңізбен кездесуде көтеріліп, өзекті мәселе болып келген «Самал-3» шағынауданын ауыз сумен қамту жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Дарбаза ауылдық округіндегі Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға, табиғи газбен қамту деңгейі 92 пайызға жеткізіледі. Сарыағаш қаласындағы А-15 автомобиль жолының бойын жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аудан аумағында жыл соңына дейін 18 елді мекенде 31 балалар ойын және спорт алаңшалары ел игілігіне беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысы тығыздығын азайту мақсатында ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Сарыағаш айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар өзекті мәселелер шешімін табуда. Біздің басты мақсатымыз – облыстың барлық аудан, қалаларының экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Баршаңызды осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Сарыағаш ауданыныі ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және кәсіпкерлік салаларында әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкіміне алдағы уақытта тұрғындардың
әл-ауқатын арттыру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, жұмыс орындарын көбейту және ауданның даму көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында аудан аумағында бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, ел игілігіне табысталуда. Атап айтқанда, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Дербісек және Дарбаза елді мекендерінде 1,1 млрд теңгеге 32 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Сарыағаш қаласында, Жаскешу және Дербісек елді мекендерінде 900 орындық мектептер пайдалануға берілді. Сарыағаш қаласында 600 орындық оқушылар сарайының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, келесі жылдың І жартыжылдығында ел игілігіне тапсыру жоспарлануда.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 9 елді мекен ауыз сумен, 8 елді мекен табиғи газбен, 8 елді мекен сапалы электр энергиясымен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Атап айтқанда, осы жылдың басында «Келешек мектептері» жобасы аясында Сарыағаш қаласында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Мәдениет, Шеңгелді елді мекендерінде кітапханасы бар 75 орындық мәдениет үйлері ел игілігіне тапсырылды. Бүгін Жонарық елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі ашылды.
Кездесу барысында Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды тазалық және көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. Алайда, әлі күнге дейін қоғамдық орындарда аудан тұрғындары тарапынан қоқыстарды тастау фактілері жиі орын алып отыр. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қағиданы ұстанып, әрқайсыңызды өз аулаңыз бен көшелеріңізді таза ұстап, көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді ол.
Облыста тұрғындарды, кәсіпкерлік нысандарын, іргелес аумақтарын абаттандыруға ынталандыру мақсатында 2024 жылдан бастап «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Аталған облыстық конкурста соңғы екі жылда Сарыағаш ауданынан Мәдениет және Қызылжар ауылдары жүлдегерлер қатарынан табылды. Нәтижесінде, кезектен тыс бюджет қаражаты есебінен 2024 жылы 2-орын иеленген Мәдениет ауылына спорт алаңшасы пайдалануға берілсе, 2025 жылы 1-орын иеленген Қызылжар ауылында спорт кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне табысталады. Осындай әлеуметтік нысандар облыстағы басқа да үздік болған ауылдарда салынып жатыр. Биыл да осы бастама жалғасады.
Былтыр облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Өткен жылғы кездесуде тұрғындар тарапынан 42 мәселе көтеріліп, оның 38 орындалды, 2 орындалу үстінде. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі Арман Абдуллаев жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тоқталды.
Жиын баяндамадан кейін сұрақ-жауап форматында жалғасты. Тұрғындар облыс әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Облыс әкімі мен жауапты сала басшылары көтерілген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, әрбір мәселе бойынша тиісті жауаптар берілді.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТҮРКІСТАНДА «ҚҰТҚАРУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ

Admin

17 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫ БӨТЕН АДАМ АЛЫП ҚАШЫП, ЗОРЛАҒАН

Admin

АЭС-ҚАУІПСІЗ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ

Admin

Пікір қалдырыңыз