adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Регион Саясат Түркістан

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ЭКОНОМИКАНЫ КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесті. Шаян ауылында өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу жайы талқыланды.

– Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығында әлеуеті жоғары. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өндірісті дамыту, өнімді өңдеу көлемін арттыру және инвестициялық жобаларды көбейту. Әрбір бастама халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, аудан экономикасының өсуіне нақты үлес қосуы керек. Біз үшін ең маңыздысы – атқарылған жұмыстың нәтижесін тұрғындар сезінуге тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарға тоқталды. Президент экономиканы әртараптандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты міндеттер жүктеген. Облыс әкімі осы тапсырмаларды өңірде жүйелі жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Бәйдібек ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. 2026 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 65,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,9 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 36,4 млрд теңгені құрап, өсім 15,1 пайыз болды. Құрылыс саласында 17,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, нақты көлем индексі 126,2 пайызға жетті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 31,7 млрд теңгені құрады. Дегенмен өнеркәсіп және өңдеу салаларында көрсеткіштерді жақсарту қажеттігі атап өтілді. Облыс әкімі ауданның ауыл шаруашылығындағы әлеуетін тиімді пайдаланып, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған. Былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шаян ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар үш мектеп жаңғыртудан өткізіліп, екі білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сегіз мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары да аяқталды.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша ауданның барлық 50 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен, 43 елді мекені табиғи газбен, 13 елді мекені сапалы электр энергиясымен қамтылған. Халықты таза ауыз сумен және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Табиғи газбен қамту деңгейі 94,5 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 97,6 пайызға жеткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда Шаян-Жамбыл-Таңатар елді мекендері арасындағы магистральдық су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ағыбет, Боралдай, Жамбыл және Түйетас ауылдарындағы ауыз су жүйелері қайта жаңғыртылып жатыр. Қошқарата мен Кеңсай елді мекендерін қараша айының соңында табиғи газға қосу көзделген.
Кездесу барысында өткен жылғы тұрғындармен жүздесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы да сөз болды. Сол кезде тұрғындар тарапынан төрт мәселе көтеріліп, оның үшеуі толық шешімін тапқан, біреуі орындалу үстінде. Соның ішінде Жаңаталап елді мекенін ауыз сумен қамту мәселесі толық шешіліп, 2025 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Сонымен қатар Шаян ауылындағы С.Қадырбаев және айналма жол көшелері орташа жөндеуден өткізіліп, М.Әуезов көшесінде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары атқарылған.
Облыс әкімі ауданның одан әрі өркендеуі үшін ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды көбейту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына әрбір тұрғынның жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің баяндамасынан кейін тұрғындардың өтініштері тыңдалды. Облыс әкімі тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуі тұрақты бақылауда болады.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ОТЫРАРДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ

Admin

ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Admin

ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САММИТІН ӨТКІЗУГЕ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АЗАМАТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Admin

Пікір қалдырыңыз