Алматыда бірнеше көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты Zeekr жүргізушісі Пак оқиғаға қатысты өз түсініктемесін берді. Оның айтуынша, апатқа дейін көлікте техникалық ақау пайда болып, тежегіш жүйесі жұмысын тоқтатқан.
Жүргізуші өз кінәсін толықтай жоққа шығармайтынын айтып, болған жағдай үшін жауапкершілікті сезінетінін жеткізді. Дегенмен оның сөзінше, жол-көлік оқиғасына көліктің басқару жүйесіндегі ақау себеп болған.
Пактың айтуынша, көлікпен келе жатқан кезде тежегіштің дұрыс жұмыс істемейтінін байқаған. Бірнеше рет тоқтатуға әрекет жасағанымен, көлік оның басқаруына толықтай бағынбай қалған. Соның салдарынан апаттың алдын алу мүмкін болмағанын айтты.
Сондай-ақ жүргізуші оқиға алдында кафеде болғанын растады. Оның сөзінше, ол сырадан небәрі «екі жұтым» ғана ішкен. Алайда сусынның дәмі ұнамағандықтан, әрі қарай ішпегенін мәлімдеді.
– Мен өз жауапкершілігімді түсінемін. Бірақ көлікте техникалық ақау болғанын жасырмаймын. Тежегіш жүйесі істемей қалды, сондықтан көлікті тоқтату мүмкін болмады. Ал кафеде болғаным рас, бірақ сырадан екі-ақ жұтым іштім, кейін жалғастырған жоқпын, – деді ол.
Қазіргі уақытта жол апатының нақты себептері құзырлы органдар тарапынан тексеріліп жатыр. Мамандар көліктің техникалық жағдайына сараптама жүргізіп, жүргізушінің мәлімдемесінде айтылған деректердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін анықтайды.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Zeekr маркалы автокөліктің қатысуымен болған жол апатының бейнежазбасы тараған болатын. Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
