Наурызнама онкүндігіне сәйкес, бүгін 19 наурыз Жаңару мейрамы. Осыған орай, қаланы көгалдандыру мақсатында Арыста жаппай тал отырғызу шарасы өтті.
Ағаш көшеттерін отырғызуға қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс қаласының прокуроры Алмас Арыстанбеков, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл, мемлекеттік қызметкерлер мен мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ақжаулықты әжелер, сондай-ақ әскери бөлім сарбаздары да атсалысты.
Шаһар басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері жас өскіндерді Алатау тұрғын ауданына кіреберістегі Е.Молдабаев көшесі жиегіне отырғызды.
«Жаңару мерекесінің негізгі мақсаты қала тұрғындарын тазалыққа шақырып, көктемгі ағаш отырғызу маусымына тарту. Қаладағы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін, сондай-ақ әскери бөлім сарбаздарына шараға үн қосқанына шынайы алғысымды айтамын.» деді қала басшысы.
Алдағы уақытта қаланы әрі қарай көріктендіру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі