Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Шымкентте «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті.
Бұл дәстүрлі сайыс мемлекеттік тілді жетік меңгерген әскери қызметшілер арасында өткізіліп, биыл елдің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен 11 үміткерді тоғыстырды. Қатысушылардың қатарында түрлі этнос өкілдері бар. Олар барша жұртқа қазақ тілін меңгерудің, құрметтеудің үлгісін көрсетті.
Байқаудың басты мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі беделін арттыру және мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар «Біз мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосудамыз?» тақырыбында өздерінің қызметтік және азаматтық ұстанымдарын таныстырды. Келесі «Сөздің көркі» кезеңінде оқу, білім, өнер мен мәдениет тақырыптарындағы мақал-мәтелдерді жалғастыру арқылы тіл байлығын, шешендік қабілетін көрсетті. «Ой ұшқыны» бөлімінде қатысушылар берілген тақырыптар төңірегінде еркін ой толғап, тілдің қоғамдағы орнына қатысты өз көзқарастарын білдірді. Соңғы «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» кезеңінде үміткерлер жылдамдық пен тапқырлық танытты.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
