adilettv

БІЗДІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫМЫЗ ШЫН МӘНІНДЕ ТИІМДІ ӘРІ КӘСІБИ ПАРЛАМЕНТ ҚҰРУ

Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр. Жиында Президент болашақ Парламенттің атауы мен құрамына қатысты өз ұстанымын білдірді.
Мемлекет басшысы ең алдымен Парламент атауы жөніндегі пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, болашақ заң шығарушы органға «Құрылтай» атауын беру орынды. Президент бұл ұғымның тарихи мағынасы терең әрі халқымызға етене жақын екенін атап өтті. Сондай-ақ Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын өзі 2022 жылы көтергенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай атауын еліміздің саяси жүйесінде аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл атау халық санасында ұлттық бірлік пен жауапкершілікті айқын бейнелейді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы депутаттар санына қатысты мәселе ең көп пікірталас тудырғанын атап өтті. Бір тарап халық санына пропорционалды өкілдік ұсынса, екінші тарап депутаттар санын 500-ге дейін арттыру қажет деген ұсыныс білдірген. Алайда Президенттің айтуынша, басты мақсат саны көп емес, тиімді әрі кәсіби Парламент қалыптастыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, заң шығарушы органның тиімді жұмысы депутат санын көбейтуге емес, сапалы құрамға байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, Парламентте ел мүддесіне адал, білікті әрі отаншыл азаматтар отыруы тиіс.

Президент жұмыс тобы азаматтардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талқылап, нәтижесінде Парламент мандаттарының саны 145 болуы керек деген шешімге келгенін айтты. Сондай-ақ жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін екенін, ал комитеттер саны сегізден аспауға тиіс екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды реформалар мен түбегейлі өзгерістерге заңнамалық тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетуі қажет екенін ерекше айтты.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Өндіріс пен өңдеудегі серпін: Шымкенттегі жаңа индустриялық жобалар (2025–2029)

AdiletTV

В ПАВЛОДАРСКОЙ ОБЛАСТИ ПРИ ПОЖАРЕ ПОГИБЛИ ДВОЕ ДЕТЕЙ

AdiletTV

Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда 860 сантиметрден асты

Пікір қалдырыңыз