13.3 C
Shymkent
3 февраля, 2026
adilettv

АҚТАУДА БОЙЖЕТКЕНДІ КАФЕДЕ ҰРЫП-СОҒЫП, СҮЙРЕП ШЫҒАРЫП ЖІБЕРГЕН

Ақтауда 24 жастағы ару кафелердің бірінде күзетшілердің өзін ұрып-соққанын айтып шағымданды. Сөзінше, жаңа жыл күні құрбысымен барған орында оған кафенің басшысы келіп: “3 ай бұрын шай төктің, соның өтемақысын төле” деп талап еткен. Кейін қыз ағасын шақырып, күте тұруын өтінгенде күзетшілерін шақырып, телефонын тартып алған. Айтуынша, оқиға 31 желтоқсанда Ақтау қаласының 17 шағын ауданында орналасқан LEMONADE кафесінде болған.
“Құрбыммен сағат ондар шамасында кафеге келіп шай ішіп отырғанбыз. Сол кезде кафенің бастығы келіп “3 ай бұрын дәл осы орында шай төгіп алғансың, соның ақысын өтеңіз” деп келді. Иә үш ай бұрын ондай оқиға болған. Мен құрбыммен келіп абайсызда ыстық суды төгіп алғаным рас. Ол кезде шотымызды жауып, еш шусыз шығып кеткенбіз. Енді арада осынша уақыттан соң қайта келіп менен диванды жудырған ақы 14 мың теңгені төлеуге міндеттеді. Сосын мен алдымен “сізде дәлел бар ма” деп сұрадым. Ал ол болса “5 минут уақыт беремін. Егер төлемесеңіз, күзетшілерді шақырып, телефон мен ноутбугыңызды тартып аламыз” деді. Мен төлеуден қашпайтынымды айттым. Ағамды шақырып ол келгенше күте тұруларын сұрадым”, – деді бойжеткен. Алайда Жансая ағасымен сөйлесіп болған кезінде күзетші келіп қолынан телефонын тартып алған.
“Құрылғыны сөмкесіне салып алды. Мен қарсыласып ұялы телефонымды сұрағанымда ол маған жаман сөздер айтып, құрылғыны қайтармайтынын, ломбардқа салатынын жеткізді. Содан шыны керек жанжалдасып кеттік. Сөмкесінен телефонымды аламын дегенімде ол мені итеріп жіберіп, боқтық сөздер айтты. Кейін ұрып жіберді, құлап жатқанымда шашымнан тартып, есікке қарай сүйреп шықты. Сол кезде менің тіпті аяқ киімім, сырт киімім іште шешіліп қалған. Ал олар есікті қатты жауып мені кіргізбей қойды. Маған “не істесең, оны істе” деп айтты. Сөйтіп жүріп ішке әйтеуір кірудің амалын тауып етігімді киіп үлгергенім сол еді, екі күзетші қатар келіп қайта сыртқа сүйреп шығарды”, – деп қосты ол. Ару сол жерде өтіп бара жатқан адамнан телефонын сұрап полицияға хабарласып үлгерген.
“Кейін полиция келіп телефоным мен киімдерімді өзіме қайтарып берді. 1 ақпан күні арызымды жаздым. Маған медициналық сараптама тағайындады. Менде басымнан үлкен соққы, гематома болып, 1 апта тамшылатқыш екпе алдым. Дәрілер қабылдап, 1,5 апта ем алдым. Басында тергеушілердің ешқайсысы маған бейнематериалдарды бермеді. Кейін барып алдым. Ал арада біраз күннен соң сол күзетшінің менің атыма қарсы арыз жазғанын білдім. Айтуынша, ол да мені екі рет ұрды деп айыптапты”, – деп қосты ол. Жансая сол күні кафеде келушілер мен бастықтың ажыратып араша түспегенін алға тартты.
“Басында күзетші мені ұрып жатқанда екінші күзетшісі келіп ажыратып, “ұрма” деп жатты. Алайда кейін екеуі бірге мені кафеден сүйреп шығарды. Сол күні шайханада 30 шақты адам болды. Олар мені сүйреп жатқанда іш киімім көтеріліп, жартылай жалаңаш күйде сүйретіліп жаттым. Мұның өзі менің намысымды қорлап тұр. Сол жерде ешкім араша түскен жоқ.
Мен сол 14 мың теңгені төлемеймін демедім. Тек ағамды күте тұруын сұрадым. Қазір бастығы мен екі күзетшісінің жауаппқа тартылуын сұраймын. Ал бұларға тіпті бұзақылық деп емес, ұру бабы бойынша іс қозғалды. Бұдан кейін олар менен кешірім де сұрамады, өтемақы да өтемеді. Бас прокуратурадан осы істі қолға алып, әділ тергелуін сұраймын”, – деп қорытты ол.
Оқиғаға байланысты Маңғыстау обылысының полиция департаментінің пікірі:
“Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық істер сотқа жолданды. Тергеу барысында 2025 жылғы 31 желтоқсанда кафелердің бірінде мекеме басқарушысы мен келуші әйел арасында ауызша жанжал шығып, ол кейіннен физикалық қақтығысқа ұласқаны анықталды. Оқиға салдарынан екі тарап та дене жарақаттарын алған. Тексеру барысында жанжалға қатысушылардың ұрып-соғу белгілері бар екені анықталды.
2026 жылғы 31 қаңтарда қылмыстық істер процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Полиция қоғамдық орындардағы кез келген зорлық-зомбылық көріністеріне жол берілмейтінін және оларға қатаң құқықтық баға берілетінін атап өтті”, – деді ведомство.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

В Шымкенте презентовали проект «Читающая нация»

AdiletTV

АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ ЖОЛ АПАТЫНАН ҚАЗА ТАПТЫ

AdiletTV

ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ-КЕЛЕШЕКТІҢ ҚАМЫ!

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз