HAN TV редакциясына Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ержан Ергештің ұсталғаны мүмкін екендігі туралы ақпарат келіп түсті.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оған мүгедектік мәртебесін рәсімдеуге жәрдемдескені үшін ақша талап етуге қатысты күдік болуы мүмкін.
Түскен ақпараттың қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, HAN TV редакциясы Шымкент қаласының Полиция департаментіне ресми журналистік сауал жолдап, аталған лауазымды тұлғаның ұсталғаны туралы мәліметті растауды немесе жоққа шығаруды, сондай-ақ жағдайдың мән-жайына қатысты ресми ақпарат беруді сұрады.
Материал жарияланған сәтте құқық қорғау органынан редакцияға ресми жауап келіп түскен жоқ.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Ержан Ергештің ұсталғаны туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Редакция оның ұсталғанын нақты факт ретінде мәлімдемейді және аталған тұлғаның қандай да бір құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғы жөнінде қорытынды жасамайды.

HAN TV редакциясы объективтілік пен кінәсіздік презумпциясы қағидаттарын ұстанады. Біз құзырлы органдардан ресми түсініктеме алуға, сондай-ақ барлық мүдделі тараптарға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге ниеттіміз.
Редакция жағдайдың одан әрі өрбуін бақылауда ұстап, ресми түсініктемелер алынғаннан және келіп түскен мәліметтер тексерілгеннен кейін оқырмандар мен көрермендерді хабардар етеді.
