Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» ұлттық орталығы «Конституция: адами капитал. Адал азамат» тақырыбында республикалық деңгейде онлайн семинар-тренинг ұйымдастырды.
Іс-шараға еліміздің барлық аймақтарынан 6 мыңнан астам педагог қатысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев сөз сөйлеп, білім беру жүйесіне конституциялық қағидаттарды енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Семинардың негізгі мазмұндық бөлімінде Шымкент қаласындағы Өрлеу ұлттық орталығы филиалының директоры Меруерт Медетбекова баяндама жасап, Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған құндылықтардың «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасымен өзара сабақтастығын кеңінен түсіндірді.
Бүгінде білім беру жүйесінің алдында құқықтық сауаты жоғары, отаншылдық қасиеті қалыптасқан әрі сыни ойлай алатын жаңа буын азаматтарын тәрбиелеу міндеті тұр. Осы бағытта семинардың практикалық кезеңі еліміздің барлық өңірлеріндегі «Өрлеу» филиалдары негізінде воркшоп форматында өтті. Оған білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер мен әдіскерлер белсенді қатысты.
Жұмыс барысында қатысушыларға конституциялық құндылықтарды оқу үдерісі мен тәрбие жұмыстарының мазмұнына тиімді енгізудің жолдары ұсынылды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойында адалдық, жауапкершілік, патриотизм және еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыру педагогикалық қауымдастықтың маңызды стратегиялық бағыты екені атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да «Өрлеу» ұлттық орталығының аймақтық филиалдарында жүйелі түрде жалғасады.
