29.8 C
Shymkent
10 июня, 2026
adilettv

ПРАКТИКАҒА БАҒДАРЛАНҒАН ОҚЫТУ ЖӘНЕ ДОКТОРАНТУРА: СОТ АКАДЕМИЯСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРУДЕ

Биыл Сот академиясы өзінің құрылғанына 10 жыл толуын атап өтуде. Осы уақыт ішінде ол 600-ге жуық маман даярлады, олардың шамамен 80%-ы қазірдің өзінде сот жүйесінде жұмыс істейді. Соңғы жылдары түлектердің 95%-дан астамы судья лауазымына біліктілік емтиханын сәтті тапсырды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот академиясының ректоры Қанат Мусин мәлімдеді.

«Бұл көрсеткіштер даярлықтың жоғары сапасын және сот білімінің қолданыстағы моделінің тиімділігін көрсетеді», – деп атап өтті спикер.
Ол Академияны дамытудың жаңа кезеңі 2024 жылғы шілдеде Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілгеннен кейін басталғанын айтты. Осылайша, Академия қызметін кешенді жаңғырту жүргізілді. 2025 жылғы ақпанда Академияны дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Қазір магистратураның білім беру бағдарламалары толығымен жаңартылды. Олар барынша практикаға бағдарланған және сот практикасының заманауи үрдістерін ескереді. Дамудың жаңа бағыттарының бірі ғылыми-педагогикалық магистратураның іске қосылуы болды. Академия алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша докторанттарды даярлауға лицензия алды.
«Осылайша, бүгінде біз жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің магистратурадан докторантураға дейінгі толық циклін қамтамасыз етіп отырмыз. Оқыту тәсілдері айтарлықтай жаңартылды. Болашақ судьялар нақты кейстермен жұмыс істейді, сот практикасын зерттейді, сот процестерін модельдеуге қатысады және Астана қаласының соттарында тағылымдамадан өтеді. Академияда сонымен қатар референдіат институты – судья лауазымына үміткерлерді даярлаудың арнайы бағдарламасы енгізілді. Ол заң қоғамдастығы өкілдері арасында өзінің сұранысқа ие екендігiн көрсетіп үлгерді», – деп толықтырды Академия ректоры.
Оның айтуынша, судьялардың біліктілігін арттыруға үлкен көңіл бөлінуде. Әмбебап бағдарламалармен қатар, судьялардың нақты кәсіби қажеттіліктеріне бағытталған жеке білім беру траекториялары енгізілуде.
Ғылыми қызметте де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Академия ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті. Бұл ғылыми зерттеулерді кеңейтуге және гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға мүмкіндік берді. «Сот академиясының хабаршысы» журналы ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді. Журнал заманауи халықаралық талаптарға сәйкес келеді.
Халықаралық ынтымақтастық та дамып келеді. Бірқатар шет мемлекеттің білім беру және ғылыми мекемелерімен келісімдерге қол қойылды. Академия магистранттары академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуда, ал оқу ордасының өзі сот білімі мәселелері бойынша халықаралық кәсіби диалог алаңына айналды.
«Инфрақұрылымның дамуын бөлек атап өткім келеді. Білім алушыларды практикалық даярлау үшін алғаш рет криминалистикалық полигон құрылды. Оқу процесін басқарудың заманауи ақпараттық жүйесі енгізілді. Білім беру ортасын цифрландыру жалғасуда. Осы өзгерістердің барлығының бір басты мақсаты бар – ол судья кадрларын даярлау сапасын арттыру», – деп түйіндеді Қанат Мусин.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ПОЛИЦИЯ 100-ДЕН АСТАМ МАЛ ҰРЛЫҒЫН АШЫП, 800-ДЕН АСТАМ БАС МАЛДЫ ИЕЛЕРІНЕ ҚАЙТАРДЫ

AdiletTV

Шымкент қаласы: Нұрлан Алмасбеков: «Құқық бұзушылық жазасыз қалмайды»

AdiletTV

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МЫҢҒА ЖУЫҚ УЧАСКЕ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз