adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Регион Саясат Түркістан

ТҮРКІСТАНДА ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН 100-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНЫП, 49 ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.

Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ елімізде өндірілетін тауарларға, оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының отандық өндірісті дамыту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңір экономикасындағы өнеркәсіп саласының үлесі жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау бағыттарындағы кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр.
2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 513,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123,8%-ға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 763,6 млрд теңгеге жетіп, 133,4%-ға өсті.
Отандық өндірісті қолдау мақсатында облыста бірнеше негізгі бағыт бойынша нақты шаралар қолға алынған. Біріншіден, индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы дамытылып, жаңа өндіріс орындары іске қосылуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 1 450 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік экономикалық аймақ және 1 931 гектар аумақта орналасқан 21 индустриялық аймақ бар. Бүгінде аталған аймақтарда жалпы құны 1 022,2 млрд теңгені құрайтын 142 өндірістік жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің өндірісті қысқа мерзімде іске қосуына қолайлы жағдай жасау мақсатында шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда инвесторларға дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, жобаларды іске асыру мерзімі мен шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік жасалған.
Қазіргі таңда облыста 29 шағын өндірістік парк құрылды. Оның аясында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталып, 164-і пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 өндірістік жоба іске қосылды.
Екіншіден, жергілікті отандық азық-түлік өндірушілерді қолдау шаралары қолға алынған. Бұл бағытта мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету кезінде жергілікті өнімдердің үлесін арттыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта барлық мердігер мекемелер мен отандық тауар өндірушілер арасында меморандумдар жасалған. Бүгінде азық-түлікпен қамтамасыз етудегі жергілікті өнімдердің үлесі 29,5%-ды құрап отыр.
Облыс аумағында азық-түлік өндіретін 21 ірі және 114 орта деңгейдегі кәсіпорын жұмыс істейді. 2026 жылдың 9 айында ірі кәсіпорындар 150,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 21%-ға арттырды.
Бұдан бөлек, жергілікті өндірушілерді ішкі нарықта қолдау мақсатында сауда базарлары және 70 ірі супермаркетпен меморандумдар жасалды. Құжаттарға сәйкес, сауда орындарының сөрелеріндегі отандық азық-түлік өндірушілер өнімдерінің үлесі 50%-дан кем болмауы тиіс.
Үшінші бағыт – отандық өндірісті дамыту арқылы импортты алмастыру. Осы мақсатта өңірдің импорттық құрылымына талдау жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті шикізат базасын тиімді пайдалану есебінен 153,8 млн АҚШ долларына ауыл шаруашылығы техникасын, сусындарды, күнбағыс майын, кондитерлік өнімдерді, тоқыма және трикотаж бұйымдарын, сүт, ет және балық өнімдерін, сондай-ақ алюминий бұйымдарын өз өңірімізде өндіру мүмкіндігі анықталды.
Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 179,2 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бір реттік ыдыс-аяқ, орау материалдарын (скотч) және алюминий бұйымдарын шығару жобалары іске қосылды.
Сонымен қатар импортты алмастыру бағытында жалпы құны 574,8 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңір кәсіпорындарының өндірістік қуатын толық пайдалануға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы Үкімет тарапынан қабылданатын барлық бастамаларды іске асыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға және өңірдің өндірістік әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейтуге толық дайын.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

В МВД рассказали о противодействии интернет-мошенничеству, передает Polisia.kz.

Admin

ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ҚЫТАЙДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

admin

 ЛУВР МҰРАЖАЙЫН ТОНАҒАНДАРДЫҢ ВИДЕОСЫ ТАРАДЫ

Admin

Пікір қалдырыңыз