16.3 C
Shymkent
4 февраля, 2026
adilettv

«АТА ЗАҢНЫҢ МӘТІНІ ЖӨНГЕ КЕП ҚАЛДЫ»: МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ДАУ БОЛҒАН БАПТАР ЖАЙЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Мақсат Толықбай Конституцияның жаңа нұсқасын жасауға 130 адам қатысқанын атап өтті. Сонымен қатар 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққанын да айта кетті. Сол кезде олардың үшеуі шетелдік сарапшылар болған.

«Бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі. Мәжілісте талай әріптестеріміз айтқан, әсіресе «AMANAT» партиясынан берілген біраз ұсыныстар қолдау тапты», — деді Мақсат Толықбай.

Ол қазіргі заңдағы мәтіннің жаңа нұсқада жөнделгенін айтты.

«Есесіне, мәтіннің тілі де жөнге кеп қалды. Қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы, күрделі. Оны қарапайым халық түгілі, заңгерлердің өзі әрең түсінетін.
Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды», — деді Мақсат Толықбай.

Оның сөзінше, ең бастысы — біз бұл Конституцияда тарихы бар ел екенімізді, Қазақ мемлекетінің Ұлы Дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығын шегелеп көрсетілген.

«Қазіргі конституцияда тарих туралы бір ауыз сөз жоқ», — деді Мақсат Толықбай.

Сондай-ақ, ол жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылғанын баса айта кетті. Яғни, елдің аумақтық тұтастығы ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды.

Ол Президент өкілеттігіне дауға қатысты былай деді:

«Сондай-ақ, бәз біреулер айтқандай, «Президентке қосымша артық өкілет берілетіндей» жаңа норма қосылған жоқ. Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады, жақын туыстары саяси және басқару лауазымдарын атқара алмайды. Бұрынғы норма өзгеріссіз қалды», — деді Мақсат Толықбай.

Ол адам құқығының да осы Жаңа Конституцияда ерекше көрсетілгенін айтты. Оның сөзінше, енді кез келген адам ұсталған сәттен бастап оған өз құқығы түсіндірілуі тиіс және сол мезеттен бастап адвокат көмегін пайдалануға мемлекет кепілдік береді. Адвокатураның мәртебесі Ата заң деңгейінде бекітілмек. Ол Жаңа Конституция бойынша білім, ғылым және инновация – мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылғанын айта кетті. Енді білім мен ғылымнан қаржы үнемдеу – Конституцияға қарсы әрекетпен тең. Сондай-ақ, Жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылды. Бұл жайлы депутат былай деді:

«Бұл – дінге қысым емес, керісінше барлық конфессияға тең көзқарастың құқықтық кепілі».

Ол цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де алғаш рет конституциялық деңгейде мән берілгенін айтты.

«Бүгінде интернет-алаяқтықтан зардап шегіп жатқан азаматтар өте көп. Цифрлық деректер-біздің жеке мүлкіміз. 1995 жылғы конституцияда «цифрлық қауіпіздік» деген бірде-бір тіркес жоқ. Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет ата заңда көрініс тапты», — деді Мақсат Толықбай.

Ол жаңа Конституцияда мемлекеттің бір жыныстыларды мойындамайтынын да ашық айтты. Ал «Неке» ұғымы да нақты айқындалды. Ол ер мен әйелдің арасындағы одақ деп белгіленді.

«Бір жынысты некені мемлекет мойындамайды», — деді Мақсат Толықбай.

Сондай-ақ, жаңа Конституцияда коммерциялық емес ұйымдардың қаржысы ашық болуы тиіс. Шетелдік қаржы көзінен алынған қаражат туралы ақпаратты жария ету міндеттеледі. 6-бап, 5- тармақ.

Ол халықтық кеңес жайлы да айта кетті.

«Халықтық кеңеске қатысты да алып-қашпа әңгіме көп. Ол Парламентке балама емес, бәсекелес орган да емес. Халықтық кеңес ұсыныстарды жүйелеп, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, референдум бастамасын көтере алады. Ал Құрылтай түпкілікті шешім қабылдап, саяси жауапкершілікті өз мойнына алады», — деді Мақсат Толықбай.

Болашақ Парламенттегі депутаттардың санына қатысты да әртүрлі пікір бар. Депутаттың сөзінше, жұмысы тобының 145 депутат болуы қажет деген шешімі бүгінгі саяси ахуалға да, қоғамның сұранысына да сай.

«Мәселен, Конституциялық құрылымы, жер көлемі, халық саны әлдеқайда бізден кіші еуропалық мемлекеттердің көбінде депутаттар саны едәуір көп. Мысалы, 10 миллион халқы бар Португалияда – 230 депутат, Швецияда – 349 депутат, ал небәрі 3 миллион тұрғыны бар Литвада – 140 депутат. Еуропада депутаттар санын шамамен әрбір 25 мың адамға бір парламентарий болуы керек деп есептейді. Сондықтан, Қазақстанның болашақ Құрылтайы Еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады», — деді Мақсат Толықбай.

Сөз соңында Мақсат Толықбаев жаңа Ата заңда сол бұрынғы заңды мазмұны жағынан нығайтқандарын айтты. Оның сөзінше, қазақ мемлекетінің тарихи сабақтастығы жаңа нұсқада айқын көрсетілген.

«Біз жаңа мемлекетті ойлап тапқан жоқпыз. Бұрыннан барды жаңа мазмұнмен нығайттық. Бүгінгі жағдайымызға, бекіген мемлекеттігімізге сай жаңарттық. Ең маңыздысы, бұл Ата заңда – біз мыңжылдық тарихымызды нақты айқындадық. Преамбулада алғаш рет «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бекітілді. Егер Америкада «америкалық арман» болса, біз де «Әділетті Қазақстан» идеясын ұран күйінде қалдырмай, ұлттық идеологияға айналдырдыруымыз қажет. Себебі, әділдік жоқ жерде ешқандай құндылық сақталмайды», — деді Мақсат Толықбай.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

В Шымкенте стартовала акция «16 дней активизма против насилия».

AdiletTV

Реформа налоговой системы в Казахстане: что изменится для бизнеса и граждан 

AdiletTV

Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заңдарға қол қойды

Пікір қалдырыңыз