Қазақстанда әншілер мен музыканттардың өз шығармаларының пайдаланылғаны үшін авторлық сыйақы алуына мүмкіндік бар. Алайда олардың барлығы бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді.
Биыл қаңтар айынан бастап бірыңғай цифрлық платформа арқылы 100 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Дегенмен музыканттарға оның шамамен 32 миллион теңгесі ғана төленген. Бұл туралы Ұлттық зияткерлік меншік институты Qazpatent директоры Сабит Ахметов мәлімдеді.
Биыл қаңтар айынан бастап Қазақстанда ұжымдық құқықтарды басқару саласындағы бірыңғай цифрлық платформа — QazCopyright жұмыс істей бастады.
Платформа не үшін қажет?
QazCopyright платформасы музыкалық шығармалардың әрбір пайдаланылуын тіркейді. Ол авторлардың еңбегін есепке алу, құқықтарды әкімшілендіру және сыйақы мөлшерін есептеу үшін бірыңғай инфрақұрылым ретінде жұмыс істейді.
Музыкалық шығармаларды пайдаланушылар платформаға олардың қолданылуы туралы есептерді жолдайды. Ал авторлар, орындаушылар мен продюсерлер өз туындыларының теледидар мен радиода қанша рет орындалғанын бақылап, тиісті сыйақысын ала алады.
Платформаға пайдаланушылар кезең-кезеңімен қосылады:
- 23 қаңтардан бастап — радиостанциялар, телеарналар, кабельдік және спутниктік операторлар, сондай-ақ «таза» тасымалдағыштар саласы;
- 1 шілдеден бастап — театрлар, филармониялар мен кинотеатрлар;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — қалған барлық пайдаланушылар, соның ішінде мейрамханалар, барлар, караоке орындары, сауда-ойын-сауық орталықтары мен қонақүйлер.
Сонымен қатар Алматы мен Астана қалаларындағы мейрамханаларда музыканың қолданылуын автоматты түрде есепке алатын құрылғыларды сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Авторлар қанша ақша тапты?
Қаңтар айынан бері платформа арқылы 100 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Алайда музыканттарға оның шамамен 32 миллион теңгесі ғана төленген. Бұған авторлардың бір бөлігі әлі күнге дейін өз деректерін жүйеге енгізбегені себеп.
«Жиналған қаражаттың едәуір бөлігі әлі күнге дейін төленген жоқ. Себебі бізде авторлар туралы қажетті мәліметтер жоқ. Біздің мақсатымыз — әрбір авторға платформаға тіркеліп, өзіне тиесілі қаражатты алу қажеттігін жеткізу», — деді Сабит Ахметов брифинг барысында.
Неліктен барлық музыкант сыйақы алмаған?
Әрбір музыкалық шығарма бойынша міндетті түрде толтырылуы тиіс деректер бар. Сабит Ахметовтің түсіндіруінше, әдетте бір әннің үш-төрт құқық иесі болады. Олардың қатарында мәтін авторы, орындаушы және фонограмма шығарушы бар.
Егер осы тұлғалардың біріне қатысты ақпарат толық болмаса, тиісті сыйақыны аудару мүмкін болмайды.
«Барлық авторларға үндеу жасағымыз келеді: егер өздеріңізге тиесілі қаражатты алғыңыз келсе, платформаға тіркеліп, жеке кабинет ашып, барлық мәліметтеріңізді, соның ішінде банк деректемелеріңізді енгізіңіздер.
Біздің ұстанымымыз — әрбір төлем өз авторын табуы керек. Бұл платформа есептелген қаражаттың барлығы түпкілікті авторға жетуі үшін құрылған. Ол үшін автор платформаға тіркеліп, өзі туралы барлық мәліметті толық енгізуі қажет», — деп мәлімдеді институт директоры.
Сыйақы қалай төленеді?
Авторларға сыйақы алу үшін арнайы өтініш берудің немесе қандай да бір мекемеге жүгінудің қажеті жоқ. Егер олар платформаға тіркеліп, қажетті мәліметтерді толық енгізсе, қаражат автоматты түрде аударылады.
Айта кетейік, 2025 жылғы сәуірде Қазақстан авторлық қоғамының сайтында музыкалық шығармаларының пайдаланылғаны үшін сыйақы алуға құқығы бар, алайда өз гонорарларын әлі алмаған 420-дан астам өнер иесінің тізімі жарияланған болатын. Олардың қатарында Қайрат Нұртас пен Димаш Құдайберген де бар.
Сол кезде «ҚазАҚ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Айнұр Есендикова ОКҚ-да өткен брифингте ұйымның музыканттар мен олардың өкілдері тарапынан сенімсіздікке тап болып отырғанын айтқан еді. Оның сөзінше, кейбір өнер иелері алаяқтардың арбауына түсіп қалудан қауіптенеді.
