adilettv

Шымкентте екі шенеунік 100 мың теңге пара алғаны үшін сотталды

Күдіктілердің бірі пара алғаны туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өзі хабарлаған.

Шымкентте Тұран ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Азамат Бұлдырықов пен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаевқа қатысты сот үкімі шықты.

«Сот кабинеті» жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес, тексеру барысында маман өрт қауіпсіздігі талаптарының 23 рет бұзылғанын анықтаған. Алайда тексеру актісінде оның тек 16-сын ғана көрсеткен. Осыдан кейін департамент басшысы оған қызметтік кабинетінде 100 мың теңге берген.

Бірнеше күннен соң Азамат Бұлдырықов Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне арызданған.

Сот отырысында екі мемлекеттік қызметші де өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізді. Олар бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл тағайындауды сұраған.

Руслан Тұңғышбаев алты баланы тәрбиелеп отырғанын, оның үшеуі кәмелетке толмағанын айтқан. Ал Азамат Бұлдырықовтың асырауында төрт кішкентай баласы мен зейнет жасындағы ата-анасы бар.

Сот қандай жаза тағайындады?

Жаза тағайындау кезінде сот төрағасы сотталушылардың кінәсін мойындауын, бұрын сотталмағанын және отбасылық жағдайын ескерген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар басқармасының маманына қатысты қылмысты кәсіби антына қайшы әрекет ете отырып жасағаны ауырлататын мән-жай ретінде танылған.

Сот шешімімен:

  • Азамат Бұлдырықовқа 2,5 миллион теңге айыппұл салынып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар оған берілген «азаматтық қорғау майоры» арнайы атағы да алынды.
  • Руслан Тұңғышбаевқа 1,5 миллион теңге айыппұл тағайындалды. Алайда қамауда және үйқамақта болған уақыты ескеріліп, айыппұл мөлшері 1 197 250 теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ ол белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Бұдан бөлек, сот үкімімен Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына Азамат Бұлдырықовтан 86 500 теңге, ал Руслан Тұңғышбаевтан 64 875 теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Пара ретінде берілген 100 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Оқытушылар мен ғалымдарға қосымша ақы төленбек

admin

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСЫП, ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

Admin

Шымкенттің жаңа Бас жоспарын әзірлеуге бюджеттен 85 миллион теңге жұмсалды: құжат төңірегінде қандай сұрақтар бар?

Admin

Пікір қалдырыңыз