28.3 C
Shymkent
28 мая, 2026
adilettv

ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨРТ АМУР ЖОЛБАРЫСЫН ӘКЕЛДІ

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға төрт амур жолбарысын сыйға тартты. Олардың қатарында екі ересек жолбарыс және екі төлі бар. Қазіргі уақытта жануарлар Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында арнайы бақылауға алынып, жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтуде.

Бұл бастама Қазақстан аумағында жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіруге бағытталған халықаралық табиғатты қорғау жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаның негізгі мақсаты — шамамен 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру.

Мамандардың айтуынша, Іле-Балқаш өңірі табиғи ерекшеліктеріне байланысты жыртқыш аңдардың тіршілігіне қолайлы аймақ саналады. Мұнда жолбарыстардың қоректік базасын қалыптастыру және қауіпсіз өмір сүру ортасын жасау бағытында бірнеше жылдан бері дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, тұғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлар санын көбейту және ерекше қорғалатын аумақтарды кеңейту шаралары қолға алынған.

Экологтардың пікірінше, амур жолбарыстарының Қазақстанға әкелінуі — биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба еліміздің табиғи экожүйесін қалпына келтіруге ғана емес, сирек кездесетін жануарларды қорғау ісіне де серпін береді.

Қазіргі таңда резерват аумағында жолбарыстарға барлық қажетті жағдай жасалған. Мамандар олардың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап, бейімделу процесін жіті қадағалап отыр. Болашақта жыртқыштарды табиғи ортаға кезең-кезеңімен жіберу жоспарланған.

Айта кетейік, Тұран жолбарысы ХХ ғасырдың ортасында Қазақстан аумағында толықтай жойылып кеткен болатын. Соңғы жылдары мемлекет пен халықаралық табиғат қорғау ұйымдары жолбарысты тарихи мекеніне қайтару мәселесін белсенді түрде көтеріп келеді.

Мамандар бұл бастама табиғатты қорғау саласындағы маңызды тарихи оқиғалардың бірі болатынын атап өтуде.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

2025 жылғы қазанда айлық инфляция деңгейі 0,5%-ды құрады.

AdiletTV

Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Экономическое развитие города Шымкент: сравнительный анализ показателей 2024 и 2025 годов

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз