adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Регион Шымкент

Шымкентте жылжымайтын мүлікке салынған тыйымды ақшаға алып тастаған әділет қызметкерлері сотталды

«Бұл пара емес, көрсеткен көмегі үшін берілген алғыс еді». Сотталушы әйел өз әрекетін осылай түсіндіргенімен, сот оның уәжін қабылдамады. Шымкентте жылжымайтын мүлік құжаттарын заңсыз реттеумен айналысқан әділет департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу барысында пара алу мен делдалдықтың бірнеше ондаған дерегі анықталған.

Оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде басталған. Шымкент тұрғыны Құралай Кубенова Қаратау ауданына қарасты Қайтпас шағынауданынан тұрғын үй мен жер телімін сатып алады. Алайда жаңа мүлікке қатысты бірқатар заңдық кедергі болған: нысандарға 2010 жылдың наурыз айынан бері тергеушінің қаулысымен тыйым салынған екен.

Мәселені заң аясында шешу үшін әйел қалалық Әділет департаментіне жүгінеді. Бірақ жылжымайтын мүлікке қойылған шектеуді қысқа мерзімде ресми тәртіппен алып тастау мүмкін еместігін білген соң, ол мәселені ақшалай келісім арқылы шешуге әрекеттенген.

Осылайша, ведомство қызметкерлері араласқан заңсыз схема пайда болады.

Тыйымды алып тастау үшін ақша ұсынған

Кубенова алдымен департамент қызметкері Н.С.-ға хабарласып, қажетті адамдармен байланыстыруды сұраған. Кейін іске атқарушылық әрекеттер бөлімінің маманы Акимжан Ахмедов пен жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің бас сарапшысы Бекдәулет Бименов қосылады.

Тергеу материалдарына сәйкес, делдалдық қызмет атқарған адамдар арқылы ақша Бименовке жеткізілуі керек болған.

Алғашқы келісім бойынша Кубенова 60 мың теңге аударған. Оның 17 мың теңгесін ақшаны қабылдаған қызметкер өзіне қалдырып, қалған 43 мың теңгені Ахмедовке берген.

Бименов бастапқыда қызметі үшін 50 мың теңге сұрағанымен, кейін 25 мың теңгеге келіскен.

Ақшаны алған соң ол өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы мен қызметтік есептік жазбасын пайдаланып, «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне кірген. Сөйтіп, деректер базасындағы қорғалған мәліметтерді бірнеше рет заңсыз өзгерту арқылы мүлікке қойылған шектеуді жоюға тырысқан.

Бұл әрекет бірден нәтиже бермеген. Бименов екі күн бойы жүйеде жұмыс істеп, кейін тағы 30 мың теңге талап еткен. Қосымша ақшаны алғаннан кейін ғана жылжымайтын мүлікке салынған тыйымды алып тастаған.

Заңсыз қызметтің басқа да «клиенттері» болған

Кейін Н.С. Бименовке тағы бір азаматты – Галина есімді әйелді алып келген. Оның бұрынғы жұбайымен ортақ иеліктегі үйді рәсімдеуге қатысты мәселесі болған.

Бұл жолы делдал мәселені шешуді 20 мың теңгеге бағалаған. Алайда оның тек 5 мың теңгесі Бименовке берілген.

Бір қызығы, Галина ақшаны пара ретінде емес, мемлекеттік баж немесе соған ұқсас міндетті төлем ретінде қабылдағанын айтқан.

Тергеу барысында Бименовтің мұндай әрекеттері бір-екі жағдаймен шектелмегені анықталды. Ол делдалдар арқылы ақша алып, жер телімдері мен жылжымайтын мүлік нысандарының ақпараттық жүйедегі мәртебесін заңсыз өзгертуге 20-дан астам рет барған.

Тергеуге көмектескен қызметкер негізгі куәгерге айналды

Іс бойынша маңызды бұрылыс Н.С. есімді қызметкердің құқық қорғау органдарының назарына ілігуінен кейін болған. Кейін ол тергеумен жасырын түрде ынтымақтасып, департаменттегі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға көмектескен.

Оның көмегімен Бименовтің әрекеттері бақылауға алынып, заңсыз сыйақы берудің жаңа деректері тіркелген. Нәтижесінде тергеу барысында барлығы 26 эпизод анықталған.

Сотта Н.С. негізгі айыптау куәгері ретінде жауап берді. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікке қатысты мәселесін шешу үшін ақша берген 25 адам да іс бойынша куәлік етті.

Сотталушылардың бірі ақшаны пара деп есептемеген

Сот алдында Құралай Кубенова, Акимжан Ахмедов және Бекдәулет Бименов жауап берді.

Бименовке пара алу және ақпараттық жүйедегі мәліметтерді заңсыз жою немесе өзгерту баптары бойынша айып тағылды. Ахмедов парақорлыққа делдалдық жасады деп айыпталды. Ал Кубенова пара бергені үшін жауапқа тартылды.

Айта кетейік, Ахмедов бұған дейін де осыған ұқсас қылмысқа байланысты сотталып, сәуір айында жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот отырысында Бименов пен Ахмедов кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізді.

Ал Кубенова тағылған айыппен ішінара ғана келісті. Ол өзінің берген 60 мың теңгесін пара деп санамайтынын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, бұл қаражат үйі мен жер теліміне қатысты шектеулерді реттеуге көмектескен адамдарға берілген сыйақы болған.

Алайда сот оның бұл түсіндірмесін қабылдамады.

Сот үкімі қандай болды?

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты істі қарап, үш айыпталушыны да кінәлі деп таныды.

Сот шешіміне сәйкес:

  • Бекдәулет Бименовке 20 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
  • Құралай Кубенова 900 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
  • Акимжан Ахмедов бір жыл алты айға сотталды. Алайда жаңа жаза оның бұрынғы үкімі бойынша тағайындалған мерзіммен толықтай қамтылды.

Осылайша, жылжымайтын мүлікке қойылған шектеулерді заңсыз алып тастауға байланысты басталған іс әділет органдары қызметкерлерінің қатысуымен жасалған бірнеше сыбайлас жемқорлық эпизодын әшкереледі.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген. Тараптардың апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге құқығы бар.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

МЕН БИЛІКТІҢ НАСИХАТШЫСЫ ЕМЕСПІН — ЕРМҰРАТ БӘПИ

Admin

«Оқушы қызды дозадан асып кеткендіктен жедел жәрдем алып кетті»: Алматы әкімдігі ақпаратқа жауап берді

admin

Қанша оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі

Admin

Пікір қалдырыңыз