Корея Республикасының Кёнджу қаласында Солтүстік-Шығыс Азия елдерінің аймақтық әкімшіліктері қауымдастығының (СШАЕАҚ) құрылғанына 30 жыл толуына орай халықаралық форум өтті.
Халықаралық жиынға Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Корея Республикасы және Жапонияның аймақтық әкімшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық және консулдық корпус мүшелері қатысты.
Форум аясында экономика және гуманитарлық алмасулар жөніндегі кіші комиссияның отырысы ұйымдастырылды. Қатысушылар өңірлік логистикалық ынтымақтастықты дамыту, көлік байланыстарын нығайту және аймақаралық әріптестікті кеңейтудегі аймақтық әкімшіліктердің рөлін талқылады.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бейнеүндеу арқылы қатысып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан қауымдастықты мерейтойымен құттықтады. Ол қауымдастықтың өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, әріптестік байланыстарды нығайтуға және озық тәжірибелермен алмасуға қосқан үлесін атап өтіп, облыс ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысы 2025 жылғы маусымнан бастап Солтүстік-Шығыс Азия елдерінің аймақтық әкімшіліктері қауымдастығының қауымдастырылған мүшесі атанды. Осы кезеңде өңір делегациялары Қытайдың Ляонин провинциясында өткен Бас ассамблеяға, Шэньси провинциясында ұйымдастырылған дәстүрлі медицина жөніндегі кіші комиссияның отырысына, сондай-ақ Корея Республикасындағы кәсіби тағылымдамадан өту бағдарламаларына қатысты.
Түркістан облысы Солтүстік-Шығыс Азия өңірлерімен сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және гуманитарлық бағыттардағы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі.
СШАЕАҚ аясындағы ынтымақтастық өңірлер арасында тікелей байланыс орнатуға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
