Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және экспорттау бағытындағы ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жетісай ауданының Асықата кентіндегі индустриалды аймақта «MIR AGRO KZ» ЖШС заманауи жеміс-көкөніс сақтау қоймасы мен өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуды қолға алды.
Жобаның жүзеге асырылу барысын пысықтау мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «MIR AGRO KZ» ЖШС-ның құрылтайшысы Факуруллах Горкемогльумен кездесті.
Кездесуде инвестициялық жобаның кезеңдері, құрылыс жұмыстарының барысы және алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі инвесторларға жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асыруды, заманауи технологияларды енгізуді және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беруді тапсырды. Сондай-ақ жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне инвесторға қажетті қолдау көрсетіп, жобаның іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
– Бүгінгі кездесу – жобаны іске асырудың алдағы қадамдарын талқылау үшін қолайлы мүмкіндік. Жобаны іске асыруға қажетті рәсімдерді аяқтап, оны нақты іске асыру кезеңін бастауға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаның сәтті жүзеге асырылуы, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің агроөнеркәсптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы құны 15,6 млрд теңгені құрайтын жоба аясында қуаттылығы 8 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасы салынып, жылыжай кешені бой көтереді. Жылыжайда жылына 6600 тоннаға дейін құлпынай өндіру жоспарланған. Нәтижесінде 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаны 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.
Бірінші кезеңде 2026 жылы сыйымдылығы 8 мың тонналық заманауи қойманың құрылысы басталды. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Келесі кезеңде өнеркәсіптік жылыжай салу жоспарланған.
Жоба аясында жидектерді, жемістерді және бақша өнімдерін сақтау, сұрыптау мен қаптауға арналған заманауи агроөнеркәсіптік инфрақұрылым қалыптастырылады. Сонымен қатар ішкі нарық пен экспортқа бағытталған сапалы өнім өндірісі жолға қойылып, жергілікті мамандарды заманауи ауыл шаруашылығы технологияларына оқытуға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, «MIR AGRO KZ» ЖШС-ның негізін 2025 жылы Түркияның «Görkem Tarim» компаниясы қалаған. Аталған компания Анталия провинциясындағы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірі. Оның басқаруында 10 мың шаршы метрден астам жеміс-жидек пен көкөніс сақтау қоймалары, өнімдерді сұрыптау және қаптау өндірістері, пластикалық жәшік шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ бақ пен жылыжайлар бар.
Аталған инвестициялық жоба өңірдегі агроөнеркәсіптік өндірісті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасына қосымша инвестиция тартуға серпін береді.
