Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында өткен аптада Түркістан облысында ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараларға 27,3 мың адам қатысып, 242 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қоршаған орта қоқыстан тазартылып, 111 мың түп ағаш отырғызылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.
Жиында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне тазалық жұмыстарын жандандыру, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою және экологиялық бастаманың орындалуына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына 4 820 өтініш түсіп, оның 4 572-сі орындалған. Қалған 248 өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау мақсатында әкімшілік шаралар да қабылдануда. Полиция департаменті тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 7 085 хаттама толтырылып, 212,7 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар осы бап аясында 282 тұлғаға қоғамдық жұмыстар түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Ал 505-бап бойынша 11 250 хаттама рәсімдеп, 61,7 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да осы бап бойынша 6 365 хаттама толтырылып, 26,4 млн теңге айыппұл өндірілді.
2026 жылғы 13-14 қазан күндері облыс аумағында бей-берекет қоқыс тасталған орындарды анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп, 102 заңсыз қоқыс орны анықталды. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне барлық кемшілікті толық жою жөнінде тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.
Сондай-ақ «Қазығұрт», «Жібек жолы» және «Қапланбек» кеден бекеттерінің маңында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған. «Жібек жолы» кеден бекетінде жол бойындағы сауда нысандарының иелеріне санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 1 000 метр болатын қоршау орнатылып, аумақ ретке келтірілді. Кеден бекеттері аумағында санитарлық талаптарды бұзу деректері бойынша жалпы 35 әкімшілік хаттама толтырылды.
«Б. Қонысбаев» кеден бекетінде қоғамдық тәртіпті сақтау және жүк көліктерінің қозғалысын реттеу мақсатында 3 полиция қызметкері, Келес ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер департаментінің 15 жауапты қызметкері жұмылдырылып, тұрақты кезекшілік атқаруда.
Бұдан бөлек, «Атамекен», «Целинный» және «Сырдария» бекеттері маңындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 74 шақырымында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Кеден бекеттері мен жол бойындағы тазалықты қамтамасыз ету шаралары тұрақты бақылауда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға әрбір аудан мен қалада тазалық жұмыстарын бірреттік науқан ретінде емес, күнделікті әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ бей-берекет қоқыс орындарын толық жою, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, ағаш отырғызылған аумақтардың күтімін қамтамасыз ету және атқарылған жұмыстардың нәтижелілігін бақылауды күшейту міндеттелді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының Түркістан облысында жүзеге асырылуы облыс әкімінің жеке бақылауында.
Аппарат мәжілісінде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымының барысы талқыланды. Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тұтынушыларға жылу тұрақты түрде берілуде.
Өңірдің жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 532,5 мың тоннаны құрайды. Бүгінде бюджеттік мекемелер көмірмен 100 пайыз, жеке тұрғындар 99 пайыз қамтамасыз етілген. Сонымен қатар өңірлік операторлардың көмір қоймаларында 55,1 мың тонна қатты отын қоры бар.
Жылыжай шаруашылықтарының 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 271,2 мың тонна деп белгіленген. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 188,8 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 70 пайызын құрайды.
Жалпы, облыста жылыту маусымын тұрақты өткізу, көмір қорын толықтыру және қатты отынды уақытылы жеткізу жұмыстары бақылауда.
