Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау, оның жолын кесу және мемлекетке келтірілген залалды өндіріп алу мәселелері облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде қаралды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күрес жөніндегі арнайы мобильді топтардың жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық технологияны пайдаланып, нақты шараларды қабылдаңыздар. Екіншіден, әрбір карьердің жұмысын бастауға рұқсат беру барысындағы қоғамдық тыңдауға жауапты басқарма басшылары, әкім орынбасарлары да қатысып, елдің пікірін тыңдап, заңға сай шешім қабылдауы керек. Анықталған заңсыздық бойынша жолданған әкімшілік материалдарды уақтылы қарап, кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тарту, мемлекетке келтірілген залалды толық өндіріп алу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырамын. Жауапты департаменттер мен құқық қорғау органдары, әкімдік өкілдері бірлесе жұмыс атқарып, заңсыздықтардың алдын алуға тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ жиында заңды жер қойнауын пайдаланушыларға пайдалы қазбаларды тасымалдау құжаттарын толық рәсімдеу, кен орындарына өлшеу таразыларын орнату, карьерден шығатын жүк көліктерін жуу талаптарын сақтау жөнінде бақылауды күшейту тапсырылды. Геоақпараттық жүйелер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, кен орындарынан шығатын жолдарға бақылау камераларын орнату мәселелері де көтерілді.
Жиында Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов пен Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Жанаевтің атқарған жұмыстары баяндалып, алдағы міндеттер талқыланды. Қазіргі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 243 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 74-і келісімшарт, 169-ы лицензия негізінде жұмыс істейді.
Жыл басынан бері жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде облыста 266 заңсыз жер қойнауын пайдалану дерегі анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 234 деректен көп. Құқық бұзушылықтар бойынша 242 жүк көлігі мен 24 арнайы техника айыптұраққа қойылған. Анықталған деректердің 210-ы бойынша экономикалық залал көлемі 16 млн 482 мың теңге деп есептеліп, тиісті материалдар Экология департаменті мен аудан, қала әкімдіктеріне жолданған. Нәтижесінде жалпы 8 млн 131 мың теңге айыппұл салынып, оның 4 млн 88 мың теңгеден астамы өндірілген. Қалған 60 материал бойынша әкімшілік шаралар қабылдау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жыл басынан бері жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша төрт қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, Кентау қаласында, Қазығұрт, Сайрам және Түлкібас аудандарында тіркелген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Заңсыз қазба жұмыстарының алдын алу мақсатында облыс аумағындағы 22 «қызыл нүктеге» тұрақты рейдтер ұйымдастырылған. Нәтижесінде Сайрам, Отырар, Сарыағаш, Кентау, Сауран және Мақтаарал аумақтарындағы бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, 14,7 млн теңге айыппұл салынған және құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген.
Бұдан бөлек, маркшейдер мамандардың қатысуымен 111 нысан зерделенген. Оның ішінде 99-ы жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындары, 12-сі заңсыз қазылған аумақтар. Тексеру барысында 59 жер қойнауын пайдаланушыдан кемшіліктер анықталып, жинақталған материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, төрт дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз жер қойнауын пайдаланумен қатар, заңды карьерлердегі бақылауды күшейту мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, пайдалы қазбаларды тасымалдау кезінде жүк құжаттарының толық рәсімделмеуі, өлшеу таразыларының болмауы және көліктердің карьер аумағынан жуылмай шығуы секілді кемшіліктер анықталып отыр. Сондай-ақ шамадан тыс жүк тиеген ауыр көліктердің облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жабындысына зиян келтіретіні де айтылды.
Бұл бағыттағы алдын алу және бақылау жұмыстары күшейтіліп, мәселе қатаң бақылауға алынды.
